1860 жылғы 19-21 қазандағы Ұзынағаш шайқасы
05.09.2013 8070
Қоқан-орыс әскерлерінің арасындағы ірі шайқас 1860 жылы 19-21 қазанда Ұзынағаш түбінде және Қарақастек өзені бойында өтті. Үш күнге созылған соғыс тарихта «Ұзынағаш шайқасы» деген атпен қалды.

1860 жылы тамыз айында Циммерман отряды Шу бойындағы қоқандықтардың екі бірдей Тоқмақ және Пішпек бекіністерін талқандап кетеді. Бұл оқиға 28-30 тамыз күндері аралығында Қоқан ханы Мәллебекке де келіп жетеді. Бұған жауап ретінде қоқан ханы шұғыл түрде Шу өңіріне қарай Қанағатшаhтың басшылығымен жасақталған 2000 әскерді аттандырады. Ол әскердің негізгі бөлігі Ташкент маңындағы құрама руынан құралған болатын. Қоқан хандығының орталығынан ұзақ шақырымдық қашықтықты жылдам енсеріп келген Қанағатшаh әскері Пішпек бекінісінен бұрын, алдымен Талас аймағында орналасқан Әулиеата бекінісіне келіп тоқтайды. Деректерде бұл жөнінде былай жазылған: «Пішпек талқандалғаннан көп кейін, қыркүйектің ортасына қарай Әулиеатаға ташкенттіктер мен құрама руынан құралған 10-15 мындай сарбаздар мен 600 жалдамалы парсылық әскерлерді алып, 24 зеңбірегімен Қанағатшаh бастаған, араларында Нұрмұхамед күшбегі, Әндіжаннан қырғыз Әлімбек датқа, Ниязқұл пансат, Керімқұл пансат, Шанышқылы Молда Қожық, Сыздық төре Кенесарыұлы, Ахмет Кенесарыұлы және тағы басқа бар қол жетеді. Қоқан әскері суыт жүріп, 2-3 күнде Шымкентке жетіп, 2 күн ат суытқан соң, 6 күн жүріп Әулиеатаға келеді, онда 6 күн демалып, тағы 6 күннен кейін Пішпекке жетіп жығылады, бұл жерде де 6 күн әзірлік жасап, жолға шығады. Шу өзені бойына екінші күні жеткен қоқандық әскер Ташкенттен Жетісуға жету үшін шамамен жарты айдан аса жол жүрген. Алдымен Қанағатшаh өз әскерімен Талас бойындағы Әулиеата бекінісіне келіп аялдайды. Ол кезде Әулиеатаны Шәдібек есімді комендант басқарып тұрған еді. Паруанбасы Қанағатшаh Әулиеатаға келе салысымен-ақ шұғыл түрде осы бекініске өзінің жіберген есаулдары арқылы Талас бойында көшіп жүрген барлық Ұлы жүздің ықпалды билерін шақыртады. Көп кешікпей шақырылған билердің барлығы Қанағатшаhтың алдағы орыстарға қарсы қолданатын әскери қимылын білу үшін бекініске келіп жиналады. Осы жиында паруанбасы Шымыр еліне 310 жігітті ат-көлігімен беруді тапсырса, ал Бестерек руы 50 сарбаз беретін болып шешілді. Сондай-ақ Жаныс руы орыстарға қарсы шығатын жорыққа 300 сарбазын беруге тиіс болды. Қазақтардан жиналатын сарбаздардың барлығы өздерінің жеке ат-көлігімен шығуға тиіс еді. Әулиеатадан шығып Пішпекке келген Қанағатшаh қазақ, қырғыздарды қолдарына қару алып, мұсылман әскеріне қосылуға шақырып үндеухаттар таратады. Қанағатшаhтың атынан жазылған сондай бір үндеухат Диқанбай, Керім, Әшекей, Андас, Сұраншы, Дәуітбек, Сәт, Нарбота, Тойшыбек, Жарғақ, Кебек, Жайнақ, Әділбек, Байсерке және Әліш сияқты билер мен батырларға арналып жазылған. Ол үндеухатта: «Бүкіл Дешті-Қыпшақ мұсылмандары, Алматыға жорыққа бару үшін қатарға қосылыңдар, бәрінің еңбегін еш кетпейді, паруанашы Қанағатшаh сый-құрметке бөлейді, мал жаңдарыңызға ешкім қол тигізбейді, ислам әскері Іледен ары қарай өтіп, мұсылмандарды қорғайды» деп көрсетіледі. Осы соғысқа дайындық барысындағы барлық ауыртпалықты Талас және Шу аумағында қоныс тепкен Ұлы жүздің билері мен байлары көтерді. Мысалы мұрағат құжаттарында «Қасқарау елінің биі әрі батыры Керім Майлыбайұлы қоқан әскеріне өзінің 310 жылқысын көлік ретінде және 1000 қойды азыққа берген болса, ал Жаныс руының қазағы Әлдекен есімді бай өзінің жеке қаражатымен бірнеше қазақ сарбазын қару-жарақпен және қажетті заттармен қамтамасыз еткен» - деп көрсетілді. Әулиеата бекінісінен Қанағатшаhтың басшылығымен шыққан қоқан әскері Шу өзеніне жеткен кезде оларға Шапырашты Сұраншы батыр өзінің 300 сарбазымен келіп қосылады. Сөйтіп Қанағатшаh бастаған әскер Қастек бекінісіне қарай аттанады.

  Бұл шайқасқа патша әскерлері де қатты әзірленді. 1860 жылдың 18 қазанында Қастекте 4 рота, 4 казак жүздігі, 3 ауыр зеңбірек, 4 жеңіл зеңбірек, Саурық қорғанында 1 рота және ракетті станок, Ұзынағашта 1 рота 1 казак жүздігі және 2 жеңіл зеңбірек, Қаскелеңде казактардың ½ жүздігі, Алматыда 2 рота және казактардың 1 ½ жүздігі, Іле бекінісінде 1 рота 1 казак жүздігі және 2 зеңбірек болған. Шайқас кезінде орыс артиллериясын штабс-капитан Обух, басқарса, ракеталық станоктар поручик Вроченскийге тапсырылады. Ал майор Экеблад Қастектегі алдыңғы отрядқа басшылық жасады. Бұдан басқа орыс әскерлерін подпоручик Курковский, есаул Бутаков, поручик Соболев, хорунжий Ростовцев, подпоручик Сярковский, Шанявский, есаул Усов, сотник Жеребятев, подполковник Шайтанов және тағы басқалар жетекшілік етті. Бұлардың көбі орыс әскерінің тәжірибелі офицерлері болатын. Полдковник Колпаковскийдің басқаруымен Ұзынағаш шайқасына 4 зеңбірегі және 2 ракеталық станогы бар 3 рота жаяу әскер, 400 казак, барлығы 799 адам қатысады.

Ал Қанағатшаh басқарған қоқандық әскердің саны қанша болғаны туралы әртүрлі мәлімет бар. В.Е. Недзвецкий 12 мың қоқандық, 10 мыңдай қазақ, барлығы 22 мың әскер Қанағатшаhқа бағынды, 2 мыңы бөлек қимылдады десе, І. Жансүгіров дулаттар 1000-нан аса жігіт көмек берді деген мәлімет келтіреді. Ал осы соғыстың кейбір куәгерлерінің куәлендірілуі бойынша қоқандықтар әскерінің жалпы саны 22 мың болды, оның 1000-ға жуығы жаяу әскерден тұратын жалдамалы әскер болды. Мысалы П. Пичугин өзінің жинаған барлық куәлендірілген мәліметтерін таразылап және олардың үлкен күшін негізге ала отырып, бізбен ашық соғысқа шыққан барлық жауларымыздың жалпы саны 22000 адамға дейін жеткен. Олардың жиырма мыңы тікелей қоқандық әскердің бас қолбасшысына бағынды, ал екі мыңы жеке және бөлек қимылдады деген қорытындыға келген.

Ұзынағаш түбіндегі шайқас барысында патша әскері жасырынып жатып, ал қоқандық жасақтар аттың үстінде жүріп соғысқан. Сондықтан да орыс әскерінің артилериясы шайқаста шешуші рөл атқарған болатын. Осы шайқасқа қатысқан қазақтар жанкешті ерлік көрсетті. Қазақ-қырғыз қолын Сыпатай батыр, Сыздық төре, Керім батыр, Диқанбай батыр, Қырбас батыр, Сұраншы батыр, Байсейіт батыр, Шаян батыр, Арыстан батыр, Ақмолда батыр, Жантай манап, Байзақ, Батырбек, Момынбек, Қожабек датқалар бастап шығады. П. Пичугин қырғыздардың атты әскері 3000-дай адам болды, солто руын Іледен қуылған біздің дұшпанымыз – Тойшыбектің ұлы Байсейіт бастап келді деп көрсетеді. Бұл мәлімет ботбайдың батыры Байсейіттің Ұзынағаш шайқасына қазақтармен бірге қырғыз жігіттеріне де қолбасшылық жасағанын аңғартады.

Ұзынағаш шайқасында қоқандықтар жағында шайқасқан әскерлердің шығыны туралы әр түрлі мәлімет бар. П. Пичугин қоқандықтардан 400 адам оққа ұшып, 600-і жараланды, ал орыстар жағынан 2 адам өліп 32-і (арасында подполковник Колпаковский мен подпоручик Сярковский бар) жараланды деп көрсетеді.

Ұзынағаш шайқасы аяқталғаннан кейін Колпаковский үкімет орындарына қазақтарға қатысты былайша мәлімет берген болатын: «1860 жылдың қазанында қоқандықтар үндеу хаттар арқылы орыстарға қарсы бүкіл Орданы (біздің батыс жағымызда көшіп жүрген) қарсы қоя білді, шапыраштыдан прапорщик Сұраншы және Андас, ботбайдан белгілі би, прапорщик Диқанбай, қасқараулық қазақ батыры Шаян, қасқараулық би Керім және басқа да ықпалды адамдар қоқандықтар жағында шайқасты».

Қоқан-орыс әскерлерінің арасындағы үш күнге созылған кескілескен шайқас қоқандықтардың жеңілісімен аяқталады. 1872 жылы П. Пичугин Ұзынағаш шайқасына қатысты мынандай баға берді: «Қоқандықтар бұл шайқаста біржола жеңілген жоқ, тек олардың алғашқы аптығы басылды, көп шығыннан кейін қайта шабуылға шығуға батпады да, шегіну арқылы өздерінің жеңлігендігін білдірді».  Осылайша Жетісу өлкесінде 1860 жылдан бастап орыс ықпалы біржола орнады.