ХVІІІ ғасырдағы Қазақ қоғамының саяси жағдайы
29.09.2014 4053
Тарихи тұлғаларды зерттеу үшін «тарихқа кіру керек» [1] - дейді, академиқ Салық Зиманов. Өте дұрыс.

Тарихи тұлғалардың өмір сүрген дәуірін түсінбей тұрып, оның атқарған қызметінің тарихи маңызы мен рөліне баға беру шындыққа жасана қоймайды. Гуманитарлық ғылымда тарихи тұлғаларды зерттеудің қалыптасқан өзіндік әдістемесі бар. Оның  қарапайым қағидасы – оларды өздері өмір сүрген тарихи қоғамдық саяси жағдаймен тығыз байланыстыра отырып, олардың жалпы қоғамдық іс-қимылдарына жүйелі түрде жан-жақты талдау жасау. Осы тұрғыдан Ер Жәнібек Бердәулетұлының жалпы қоғамдық қимылдарын ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының саяси жағдайындағы өзгерістермен тығыз байланыстырып қарайтын болсақ, оның атқарған қызметінің тарихи маңыздылығы айшықтала түседі.

Зерттеушілердің анықтауынша, Жәнібек Бердәулетұлы 1714-1792 жылдары өмір сүрген екен [2]. Бұл дәуір қазақ тарихында ең ауыр кезең болғаны белгілі. Өйткені 1723 жылы жоңғарлардың шабуылынан орын алған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» трагедиясы халқымызды қатты қансыратқан-ды. Бірақ онымен халқымыздың қаны сарқылмады, жігері мұқалмады. Олар есін жиды, саяси мақсатын айқындады. Қазақ қоғамының басты саяси мақсаты - ұлттың өмір сүруіне қатер төндіріп тұрған жоңғар шапқыншылығының бетін қайтару болып белгіленді. Осы мақсаты қазақ элитасы жұмырықтай жұмылып атқарды, 1726 жылы Аңырақайда жоңғарлармен болған сұрапыл шайқаста қазақтар зор жеңіске жетіп, елдің еңсесі қайта көтерілген еді. Бірақ көп өтпей ел билеушілері арасында алауыздық туындап, салдарынан қарулы күштер бөлшектеніп әлсіреді. Жоңғарлар қайта айқұлақтанып қазақтарға айбар шегіп, елдің жігерін жасытып, намысын таптамақ болып, қазақ батырларын жекпе-жекке шақырады. Міне, осындай жағдайда ұлттық намысты ту етіп, кеуде керіп сайысқа шықан Сабалақ (Әбілмансұр) 1731 жылы жоңғардың атақты батырыры Шарысты жер қаптырып, «Абылайлап!» атой салып, күреске шықты. Бұл қазақ тарихында болған көп жекпе-жектердің бірі ғана емес, ол - қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресінің жаңа тарихи кезеңнің басталуының көрінісі еді.

 Қазақ ауыз әдебиеттерінде Жәнібек Бердәулетұлының жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен алғаш көзге түскен кезі оның 17 жастағы шағы екен. Бұл 1731 жылы Абылайдың 20 жасында Шарысты жер жастандырған оқиғасымен тұспа тұс келеді. Осы жылдан бастап, Абылай Орта жүздің сұлтаны және әскери қолбасшылардың бірі ретінде қоғамдық басқару істеріне белсенді араласты. Оны қолдап қуаттаған Қабанбай, Бөгенбай, Науырызбай сияқты сақа батырлармен қатар Ер Жәнібек Бердәулетұлы қатарлы жалынды жас батырлардың да болғаны мәдім.

Бұл кезде қазақ қоғамының алдында тұрған ең басты міндет – жоңғар шапқыншыларын шабуылмен қазақ жерінен кері шегіндіру болатын. Бұл міндетті Абылай сұлтан әрі сардар ретінде қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларына қарсы ұрысына қолбасшылық жасады әрі жеңістен жеңіске жетіп отырды. Осы кезеңдегі шайқастарда Абылайдың қасында Ер Жәнібектің болғаны әрі батырлығымен жұртқа танылғаны қазақ ауыз әдебиеттерінен көруге болады.

Қазақ саяси элитасында Абылайдың беделінің артуы Ресейдің де, Жоңғардың да назарын өзіне аударды. Мысалы, 1740 жылы 8 қыркүйекте Орынбор комиссиясының бастығы В.Урсовтың Сыртқы істер алқысана жолдаған мәлімхатында: «Сыртқы істер алқасының биылғы 3 - мамырда маған Орта жүздің билеушілері Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанға тапсыру үшін грамота жіберген еді. Грамоталар оларды ел ағалары деп атаған. Ал ежелгі хан тұқымынан шыққан Әбілмәмбет пен Абылай қашаннан сұлтан деп аталған көрінеді. Мына Әбілмәмбет бұл күнде халықтың сайлауымен Орта жүздің ханы болып отыр (Іс жүзінде ұлы хан болып сайланған – Н.М.)» [3]  - деген мәлімет - соны айғақтайды. Ал жоңғарлар боса, қалайда, Абылайды сындыру арқылы қазақтардың пәрменді қарсылығын қайтаруды жоспарлады. Ақыры олар Абылайды аңдып жүріп, қапияда қолға түсірді. Бұл жөнінде Үмбетай жыраудың:

  ...Қалден ханның әскері,

  Іздеп сені әрі-бері,

  Қапыда ұстап алғанда,

  Алып барып Ташкентке,

  Көр зынданға салғанда,

  Елің қаран қалғанда..., [4] - деп айтылатын жыры сол бір тархи шындықты аңғартады.

Жоңғарлар Абылайды екі жыл (1742-1743 жылдары) тұтқында ұстады. Бірақ оны мерт қылуға батпады. Ақыры қазақ элитасының дипломатиялық күресінің нәтижесінде Абылай 1743 жылы тұтқыннан босап еліне абыроймен оралды. Бұлай дейтініміз, ол жоңғардың Топыш деген аруын әйелдікке алып келген [5] екен. Бұл екі жақтың бітімін білдіретін факті еді. Бірақ қазақ-жоңғар қайшылығы онымен шешіле қоймайтыны анық. Өйткені қазақтардың көздеген басты мақсаты азаттық, сол үшір олар қалай да жоңғарлардың өктемдігін жойып, жерін босатып алу керек тұғын. Осындай ұлы да машақатты міндетті орындауды Әбілмәмбет хан орда бұзатын жастағы Абылайға тапсырады. Ол жай тапсырма берген жоқ, өзінің хандық билігін де саналы түрде Абылайға атап берді. Бұл оның ұлттың мүддесін жеке басының мүддесінен жоғары санайтындығының көрінісі болып табылады. Міне, осыдан бастап, яғни 1743 жылдан кейін Абылай Орта жүзде хандық билікті жүргізіп, елдің ішкі-сыртқы саясатын белгілейтін бірден бір тұлғаға айналды. Сондықтан Абылайдың амандығын сақтау – қазақ хандығын қорғаумен пара-пар міндет болып саналған-ды. Бұл міндетті адалдықпен атқарғандардың бірі және бірегейі Жәнібек Бердәулетұлы болды.

Бұл кезде Жоңғар хандығы дәурендеп тұрған еді. Соған қарамастан Абылай хан  олардың үстемдігін мойындамау, оларға қарсы ұрыс жүргізу арқылы, қазақ жерін толық қайтарып алуды алдына мақсат етіп қойды. Осы саясатын жүзеге асыру үшін Абылай хан аттан түспей алдыңғы шепте күрес жүргізді. Оның қасында оң қол батырларының бірі болып Ер Жәнібек жүрді. Жүргенде де ханның жарлығын атқарушы әрі оның өзін қорғаушы міндетін қоса атқарды. Қазақ аңыздарында айтылатын Ер Жәнібек батырдың Абылай ханға атын түсіп беріп, жоңғарлардан құтқарған оқиғасы осы тұста болған деп айтуға негіз бар. Өйткені 1745 жылы Қалден Серен өлгеннен кейін жоңғарларда Абылай ханды өкшелей қуатындай құдырет қалған жоқ болатын. Бұл оқиғадан Жәнібек Бердәулетұлының ханға адалдығын, ханға ғана емес-ау, хан арқылы халықа деген адалдығын атап айтуға тиіспіз.

  Қазақ – жоңғар арасындағы күш салмағы 1745 жылы өзгеріске ұшырады. Сол жылы Жоңғар ханы  Қалден Серен өліп, хандық таққа таласқан ақсүйектердің өзара қырқысуынан Жоңғар хандығы әлсірей бастады. Ал Қазақ хандығы  болса, оның керісінше, Абылай ханның арқасында жылдан жылға күшейе түсті. Сонымен Абылай хан таққа таласқан жоңғар топтарының көмек сұрайтын қормал адамына айналды. Абылай өзгерген жағдайды өзіне ұтымды пайдаланып, жоңғарлардың әлсіздерін қолдап, күштілерін әлсірету, яғни оларды өзін өзімен құрту саясатын жүргізді.

Абылайдың бұл саясаты қазақтар үшін өте пайдалы болды. Жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін тастап шығысқа қарай ығысып кетті. Хандық тақтан дәмеленген Әмірсана Абылай ханнан қайыр болмайтын сезіп, енді Чиң (Цин) империясының қолдауымен билікке жетуді көздеп, 1754 жылы 20 мың қолымен  оған барып берілді.

Бұл кезде қазақ жасақтары Жоңғар ойпатына дейін оқастап барды. 1754 жылы Чиң империясы ордасына жолданған әскери ақпарда: «Абылай Батысмашылин (Батма-Церен деп те жазылады), Елсендермен бірге, ойрат, қалмақ әскерлерінен он мың қолды бастап, Боратала қатарлы жерлердегі жоңғар малшырарын талан-таражылап, қолға түсірген малшыларды алып қайтты» [6] - деп жазылған. 1755 жылы ақпанның 1 күні Чиң патшалығы ордасына жолданған әскери мәліметте: «Ақжолдың айтуынша, Батымашылин мен Абылай Дауашқа (Даваци) жорық жасап, Бұраталаның сырт жағындағы елді талан-таражылап кетіпті» - делінген. Осындай ақпарларға талдау жасаған Чиң империясының Әскери басқармасы: «Дауаштың күші әлсіреп, жоңғарлар күйрейін деген екен. Егер біз [Жоңғарларға] жедел әскер аттандырмасақ, қазақтардың көлденең олжаға ие болып кетуі сөзсіз» [7] - деген көзқарасын Цияньлун патшаға ұсынады.

Бұл деректерден біз, Чиң империясы Жоңғар хандығын жоймастан бұрын-ақ, қазақтардың жоғарларды қазіргі Қазақстан аумағынан ығыстырып шығарғандығын көреміз. Жоңғарлардан босаған жерлерге Абылай ханның саясатымен Орта жүз бен Ұлы жүздің бірқатар рулары шығысқа жылып көшіп, ежелгі атажұртына қайта қоныстана бастады. Бұл көштің бел ортасында Абақ Керей рулары Жәнібектердің жол бастауымен Өр Алтайға бет алды. Осы тарихи оқиғаға байланысты «Керей қайда барасың» жыры осы кезде өмірге келген, тарихи шындықтың жазбасы болып табылады.

Міне, осы негізде біз Абылай ханның Жоңғар хандығына қолданған қатаң сыртқы саясатының қазақтар үшін өте табысты болғанын және оны бұлжытпай атқарған Ер Жәнібек сияқты қолбасшылардың саяси сезімталдығын атап айта аламыз.

Чиң императоры Цияньлун 1755 жылдың мамыр айында Жоңғар хандығын 200 мың қалың қолымен қырып-жойды да, өрт ойрат елге төрт ноян тағайындап, оларды өзіне төте бағынышты етіп қойды, яғни аман қалған жоңғарларға «бөліп алда билей бер» саясатын қолданды. Бұған наразы болған Әмірсана Чиң империясына қарсы қарулы көтеріліс жасады. Бірақ ол жеңіліп, Абылай ханға қашып барып паналады. 1757 жылдың көктемінде Әмірсана күш жинап қайта шабуыл жасады. Бұл жолы ол және де жеңіліп, қазақ даласына қашып келді.

Сонымен Чиң империясы Абылай ханға арнайы хаттар жазып, елшілер жіберіп, Әмірсананы тұтқындап беруді талап етті. Бірақ оған Абылай белсенділік танытпады. Чиң империясы қазақ даласынан Әмірсананы тірідей тұтқындап келуге үш бағытпен үш түмен әскерін аттандырды да, қол бастаған сардарларына: «Біз тек сұмырай Әмірсананы тұтқындауға кетіп барамыз, сендерге мүлде шабуыл жасамймыз, сендер жайбарақан отыра беріңдер – деп айтыңдар. Егер олрада қарсылық болмаса, біздің әскерлердің бүлік шығаруына қатаң тыйым салыңдар»[8] – деп нұсқау берді.

Бірақ Абылай хан Чиң империясының бұл әскери әрекетіне қарумен қарсылық көртетіп, мәселені дипломатиялық жолмен шешу саясатын қолданды. Осы оқиғаға байланысты шүршіт қолын бастаған сардар Чжау Хэйдың патша ордасына жолдаған мәліметтінде: «Қазақтың Дәмеш және Тоқтау деген екі адамы әскери штабымызға келіп, кешірім сұрап, екі ат тарту етті. Олар ойламаған жеден қалың қолдарыңызбен шайқасып қалып, екі жақ бірдей арандалдық. Міне, бүгін ат тарту етіп, кешірім сұрап келдік – дейді. Сондай-ақ олар бізбен сауда жасау ниетін де білдірді»[9] - деп жазды.

Бұл деректен Абылай ханның алып елмен әскери қақтығыс жағдайында тұрған кезде, олардың назарын экономикалық мүддеге бұру арқылы олармен мәмілеге келу саясатын қолданғанын көреміз. Оның бұл саясаты өте табысты болды. Нақтылап айтар болсақ: Чиң империясының қазақ  даласына енген әрсері кері шегінді; Қазақ хандығы мен Чиң империясы арасында қалыпты дипломатиялық қарым-қатынас орнады; Чиң империясы Қазақ хандығын мойындап, Абылай ханды хан деп таныды (бұған  императоры Цяньлунның 1757 жылы 31 қыркүекте Абылай ханға жолдаған грамотасында айтылған «...Өзің хан екенсің патша хандығыңды бекітті» деген сөзін дәлелге келтіруге болады); қазақ-қытай арасында екіжақты сауда-экономикалық байланыс басталды.

  Абылай хан этнотерритория мәселесінде Чиң империясына қарама-қарсы көзқараста болды. Чиң империясы жоңғарлар маған тәуелді болғандықтан олардың бақылауында болған жерлер Қытайдың құрамына енуі керек – деп санады. Ал Абылай хан болса, қазақтың шығыстағы атамекені қазақтарға қайтуы керек – деген ұстанымда болды.

Осыған байланысты Чиң империясы «жерімізге қазақтар кимелеп кіріп кетпейді деуге болмайды» - деген, тіпті, Цяньлун патша: «Іле бұрыннан жоңғар бұратаналарының кіндік жері болып келген. Егер онда әскер ұстап, тың игермесек, жақын жерде тұрған қазақтар мен бұраттар (қырғыздар –Н.М.) орайдан пайдаланып онда келіп мал бағатын болады, онда біз оларды қуып әуіре боламыз» [10]–деген болатын. Сондай-ақ ол шекара щонжарларына: «Егер Абылай ойраттар жеріне еніп келіп мал бағуды талап ететін болса, онда оған олардың шекарадан асып келулеріне болмайды - деп айтыңдар» [11] деп тапсырма берген.

Алайда Абылай хан Чин империясына алғаш жіберген елшілігінен өзінің территориялық талабын қойған болатын. Соған қайтарған жауабында Чиң патшалығы ордасы: «... Ал сен (Абылайды меңзеп отыр – Н.М.) талап қойып отырған Тарбағатайға келсек, сен ол жерді бұрынғы біздің ата жұртымыз – мал бағатын жеріміз еді, ол жерді патша мейірімділікпен жарылқап бізге беруін өтінемін – деген екенсің. Ол өңір енді ғана тыныштандырылды. Қазір иен жатыр. Патша ол жерді сендерге қиып бере салушы еді, бірақ сендер бізге еңбек сіңірген жоқсыңдар. Сондықтан ол жерді сендерге жарылқап беріп жіберу – мемлекеттің жүйесіне қайшы келеді [12]-деп жауап қайтарды. Алайда Абылай хан онымен тоқтамайды. Ол Чиң империясына жіберген және бір елшісінен Іле аймағын талап етеді, әрине дипломатиялық сыпайы сөзбен. Соған орай 1760 жылы 8-маусымда Чиң патшалығының Абылай ханға жолдаған хатында: «Сенің елшілерінің айтуынша, ойрат жері қазір иен жатыр екен... Сен және де патша жарылқағанның үстіне жарылқай түсіп, қазақтардың Ілеге барып мал бағуына рухсат берсе – депсің. Тарбағатай қатарлы жерлер ежелден жоңғарлардың жайылым жері, патша қалың қолмен ол жерді тыныштандырған. Сен қазақтар, бұраттар (қырғыздар – Н.М.) ташкентдіктер, әндіжандықтар, бадақшандықтар барлықтардың өз ықыластарыңмен ішке (бізге – демекші – Н.М.) қарадыңдар.Қазақтар сендердің жерлерің ұлан-қайыр кең дала. ... Қазір Іле және басқа жерлерге ішкеріден әскерлер бірінен соң бірі келіп тың жер игеріп жатыр. Абылай хан сен бұрын Тарбағатай қатарлы жерлерді сұрап мал бақсақ – деп өтінген едің, патша оған да рухсан бермеген болатын. Бүгінгі талабың тіпті артық» [13]- деп, Чиң империясы қазақтардың ежелгі атамекенін өзіне қайтарып беруден бастартады. Осыған байланысты Абылай хан қазақтың шығыстағы атамекеніне оралуын жұмсақ тәсілмен, біртіндеп жылжып көшіп барып иелену саясатын қолданды. Бұл ұдерістің ойдағыдай өрістеуі үшін, Абылай хан қытайлармен сауда-экономикалық байланыстарды дамыту саясатын жүргізді.

  Абылай хан мен Чиң империясы арасында сауда жасау туралы алғашқы келісім 1757 жылы жасалды, сондай-ақ «екі жақ тең пайда көретін болуы керек» - деген принцип қабылданды.  Сол жылдың 15 желтоқсанда патша Орда күнделігінде хатталған мәліметте: «Қазақтар мен Үрімжіде сауда жасауды Абылаймен келісілген, патша өз жарлығымен бекітті» [14]- деп жазылған. Сол келісімге сай Чиң патшалығы үкіметі Үрімжі қаласынан арнаулы түрде қазақтармен «Жылқыға жібек айырбастайтын» базар ашты. 1760 жылы Іледен – қазіргі Қорғастан, 1763 жылы Тарбағатайдан базар ашты. Сонымен екі ел арасындағы сауда-саттық байланыстары дамыды. Сауда барыс-келістерінің көбеюіне байланысты Ұлы жүз бен Орта жүздің бірқатар ру-тайпалары өздерінің байырғы атмекені - Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарына өтіп барып қоныстанып жатты. Бұл тұста Абылай ханның этнотерриторияны қалпына келтіру саясатын белсенді атқарушылардың бірі Ер Жәнібек Бердәулетұлы болды.

  Абылай хан 1760 жылдары қазақтың Шығыс Оңтүстігіне ендеп кірген қырғыздар мен қоқандықтарды ығыстыру күресін жүргізді. Осы күреске Абылай ханның сенімді сардарларының бірі ретінде Жәнібек Бердәулетұлының қатысқаны қазақ ауыз әдебиетінде көп айтылады. Ал Абылай ханның әскери әрекеті туралы қытай жазбаларында хатталған нақты деректер кездеседі. 1766 жылы Қоқан билеушісі Ердана бек қазақ жеріне ендеп кіріп, Абылайдың  інісі Ескенірді төрт баласымен бірге өлтіріп, әйелін алып қашып кетеді. Абылай хан өзі қол бастап шығып Ердана бекпен соғысып, оның көп әскерін қырады, Ердана бек жеңіліп, шегініп қашып Пішпек қаласына барып тығылады, Абылай хан ол қаланы тас-талқанын шығарып күйретпек болып, Чиң патшалығынан зеңбірік сұратады. Осыған орай Чиң патшалығының Абылай ханға жолдаған жауап хатында: «Қазақ және оқандықтардың барлығы менің пақырым. Біреуіне болысып енді біреуін қырғындауға болмайды. Патша әлемнің иесі, барлық бағынышты болған елдерді бірдей көреді, қай-қайсына да жанбаспайды» [15] деген уәж айтып, Абылай ханға зеңбірек беруден бастартады. Мұндай айта кететін жәй: Қытай патшалықтары өздерімен байланыс орнатқан, дипломатиялық қатынас жасаған елдердің барлығын өзіне тәуелді болғандар деп санайтын. Сондықтар олар қазақтар мен қоқандықтарды «пақырым» және «бағынышты» болғандар деп жазып отыр. Ал Абылай ханның қоқандықтарды жеңе отырып, қытайдан зеңбіреу сұратудағы мақсаты – өзінің әскери қару-жарағын жаңартып, мемлекет қуатын арттыру еді. Мұны жақсы түсінгендіктен Чиң патшалығы Абылай ханның талабын жылы сөзбен кері қақты. Алайда Абылай хан және оның Жәнібек сияқты батырлары Қордайдан асырған қызғыздар мен қоқандықтар Абылай хан өмірден өткенше қайтып аяқ баса алмады да, қазақатардың Шығыс-Оңтүстік этнотерриториясы қайта қалпына келіп, тұрақтап қалды.

  Жоғарыдағы пайымдаулардан, Ер Жәнібек Бердәулетұының қоғамдық іс-қимылдарының жалпы Қазақ хандығының қоғамдық саяси басты міндеттерімен тығыз байланысты болғанын анық аңғаруға болады. Атап айтқанда, ол 1731-1745 жылдары жоңғар шапқыншыларының халқымыздың өмір сүруіне төндірген қауіпін қайтару сипатындағы соғыстарға белсенді қатысқан сардар міндетін атқарды; 1745-1755 жылдары Абылайдың жоғарларды өз-өзімен әлсірету, қазақ жерінен ығыстырып шығару шайқасына қатысып, елді шығыстағы атажұртқа қайта қоныстандыруда көшбасшылық рөл атқарды; 1755-1758 жылдары қазақ-қытай арасында орын алған әскери және дипломатиялық күресте ол Абылай ханның сенімді серігі ретінде мемлекттілікті қуаттады; 1760 – 70 - жылдары ол Жетсудан қырғыздарды ығыстыру, қоқандықтарға соққы беру сүрестеріне белсенді қасытып еліне елеулі еңбек сіңірді, ғұмырының соңғы жылдары ол елдің шығыс шебін қорғауға ақтық деміне дейін күрес жүргізді.

  Демек, Жәнібек Бердәулетұлының бүкіл ғұмыры - Қазақ хандығының тәуелсіздігін сақтау, сыртық агрессияны қайтару, этнотерриторияны қалпына келтіру, ел тұтстығын нығайту үшін күреспен өтті. Сондықтан ол халқымыздың ұлттық батырларының бірі болып саналады. Сондай-ақ ол ұлттымыздың мәнгілік құндылықтары үшін, түбірлі мүддесі үшін күрес жүргізудің үлгісін көрсеткен тарихи тұлға болып табылады.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Зиманов С. Идрисов К. Общественно-политические взгляды Мухамеджана Сералина. - Алматы: Наука, 1989. - 165 с.

2. Несіпбек Айтұлы. Ер Жәнібек неге ескерусіз //Ер Жәнібек.- Алматы. «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры». – 2008. – 64 б.; Ахет Тоқтабай.Ер Жәнібек Бердәулетұлы //Ел ұраны-Ер Жәнібек. –Алматы: «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қоры». – 34 б.

3. Казахского- русские отношения в ХVІ-ХVІІ веках (Сборник-документов и материалов). –Алма-ата. -1961. № 65, С. 127-128; Зарқын Тайшыбай. Абылай хан (өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен матиалдар). –Астана: Астана баспасы. -2005. 77 - б.

4. Нығымет Мыңжани. Қазақ жырауларының жырлары. – Үрімжі (ҚХР): Шыңжаң халық баспасы. -1987. -160-161- б.

5. Мәшһұр Жүсіп Көпейұлы. Абылай хан. –Алматы: Айқап. -1992. - 23 - б.

6. Фу Хың. Жоңғарды тыныштандырудың жалпы жобасы(Қолжазбас).-1777, 9 т., 29- б.

7. Чиң (Цин) патшалығы Гаозун патшаның орда естелігі (қолжазба). -481 том (бума). -  7-8 - б.

8. Бұл да сонда, 512 т., 22-23 - б.

9. Бұл да сонда. 508 т., 4- б.

10. Чиң (Цин) Гаозун патшаның орда естелігі (қолжазба бойынша). 606 т., 17-18 бб.

11. Бұлда сонда. 548 т., 9-10 бб.

12. Бұл да сонда.

13. Бұл да сонда. 543 т., 17 б.

14. Чиң (Цин) Гаозун патшаның орда естелігі (қолжазба бойынша). -550 т., 10 б.

 15. Бұл да сонда. 793 т., 20 б.

Нәбижан Мұқаметханұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д., 

Abai.kz