Арал бекінісі
28.01.2015 3254
XIX ғасырдың басынан басталған Азия құрлығы үшін Англиямен бақталастық Ресей үшін Қазақстанның «Шығыс» елдеріне апаратын «қақпа және кілт» факторы күшейді.

28.01.15

Дамып келе жатқан Ресей капитализміне жаңа шикізат көздерінің қажеттігінен туындады. Міне осылардың бәрі XIX ғасырдың ортасында үлкен маңызға ие болып,
Ресейдің Орталық Азияны жаулап алу саясатында Қазақстанның оңтүстік өңірінің стратегиялық маңызын арттыра түсті. Орынбор генерал-губернаторлығына аса ширақ граф Перовский келгеннен кейін орыс патшасының Сыр бойына ауыз сала бастауы жанданды. 1839–1840жж. қысында Перовский Хиуаға қарсы олардың «қарақшылығын» жазалаймын деген сылтаумен әскери жорық бастады. 1847 ж. орыстың әскери отряды Арал теңізіне таяу жердегі Сырдария өзеніне жетті. Онда Райым бекінісі салынды, кейінірек Арал деп аталды. Бұл орта шығыстық орыс тарихында елеулі бетбұрыс болды. Райым бекінісі орыстардың Арал теңізін иемденуіне база болды. Орынбордан Райымға екі әскери кеме бөлшектелген түрде жеткізілді. Сөйтіп XVIII ғасырда орыс мемлекетінің ең көрнекті қайраткерлердің бірі болған, патшаның отарлау саясатын қызу қолдаған Кирилловтың жүз жыл бұрын армандаған «Орыс туы Арал теңзңнде желбіреді».
Сыр бойында алғаш орыс бекінісі-Арал (Райым) Арал теңізінен 60 шақырым жерде орналасты. Бекіністің Райым деп аталуы жөнінде екі түрлі пікір айтылады:
1) бұл жердегі қазақтың белгілі имамы Райымның моласына байланысты,
2) Райым деп аталатын көлдің атауына қарай қойылған болуы мүмкін.
Қызылорда облысының мемлекеттік мұрағатында «Мәдени мұра» аясында Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағатынан әкелінген Орынбор және Самара генерал- губернаторлығы канцеляриясының құжаттары сақталуда. Осы құжаттарда
Райым (Арал), Ақмешіт бекіністеріне және Қазалы фортының салынуына байланысты көптеген құнды мәләметтер бар. Бұл мәліметтер негізінен Арал бекінісінің бастығы Энгманның Ақмешітті қоқандықтардан тартып алуға жіберілген генерал-адъютант Перовскийдін және генерал-майор Ладыженский, Бларамбергтердің жергілікті халық туралы, бекіністердегі жағдай туралы Орынбор генерал-губернаторлығы мен Әскери министрлік басшыларына жазған рапорттарынан, баяндамалардан тұрады. Патша шенеуніктерінің жазбаларынан олардың Сырдария өзенінің маңайын әбден зерттеп білуге ұмтылғандарын, барлық мәліметтерді Әскери министрлікке жазып отырғанын, аңғарамыз. Солардың арасында Арал бекінісіне қатысты мәліметтерді келтіре кетсек:
Генерал-губернатор Перовский Сырдария сағасын алудың екі түрлі маңызы бар дейді:
1) Оңтүстік далалары қоқандықтар мен хиуалықтардың жойқын шабуылынан қорғалады, Орынбор қырғыздарына тиімді әкімшілік басқаруға мүмкіндік беріледі, олардың арасындағы барымта тиылады және мал саны көбейіп, халықтың жағдайы жақсарады, ал бұл өз кезегінде қазынаға түсетін кірісті молайтады.
2) Сырда мықтап орналасу бізді Орта Азиялық иеліктерге жақындатады және олармен саяси және сауда қатынастарын берік және тиімді етуге мүмкіндік береді. Бұл орайда бір ғана Арал бекінісі біздің талаптарымызды қанағаттандыра алмайды; ол қырғыздарды хиуалықтар мен қоқандықтардың шабуылынан қауіпсіз ете алмайды және біздің Орта Азиямен қарым-қатынас жасауымызға ешқандай әсері болмайды, дегенмен Арал бекінісі басқа бекіністерді алу үшін бізге ең негізгі сүйеніш бола алады. Қазіргі уақытта Арал бекінісі өзінің иелігіндегі форттары мен посттарын қосқанда 400 адамдық (екі рота) жаяу әскер, 300 Орал казактары мен 19 қарулы гарнизон артиллерия командасынан тұрады. «Арал форты бізге Қазалы форты мен өзеннен жоғары өзге-де бекіністерді салу үшін жеткілікті қалқан бола алады». Перовский әскери министрлікке жазған рапорттарының бірінде Арал флотилиясында капитан-лейтенант Бутаков пен офицерлерінің дайындауымен екі жүк таситын кеме дайындалғаның хабарлайды. Оның айтуынша кемелер өте жақсы дайындалған, тіпті Жоғары Мәртебеліге-де көрсетуге болады. Кемелердің бірі «Обручев» ағысқа қарсы жүзуге жарамайтындықтан Аралда қалады, ал «Перовский» кемесіне Аралдан бір рота (250 адам) отырғызылып және 20 қой тиеліп Көш-Қорғанға дейін жеткізіледі. Одан әрі Бутаковка жүксіз кемемен өзен бойын жағалай, Ақмешітке дейін жүзіп бару тапсырылғаны айтылады.

Сырдария сағасының халқы Райым бекінісін, Қазалы мен Ресейдің басқа да әскери форпостарын салуға, сондай-ақ Арал теңізін зерттеу мен игеруге қосалқы жұмысшылар мен жолбасшылар ретінде белсене қатысты. Сырдария шекаралық өкімет ұйымдары қазақтарды Райымның және № 1 форттың (Қазалы) әскери бекіністерін салуға мәжбүрлеу тәртібімен жұмылдырды. Қазалы фортын салуда Арал бекінісінің басшылығы негізгі рөл атқарған. Тағы бір мәліметте Арал бекінісінің бастығы Энгман Орынбор корпусының командиріне 1853 жылғы 5 наурызда жазған № 599 хатында Қазалы фортын көтеру үшін қырғыздарды күніне 15 тиын күміске жалдау туралы патшадан рұқсат сұрап хат жазған. Сондай-ақ, хат соңында Арал бекінісін үлкейтуге-де қырғыздарды жоғарыда айтылған сомада жалдауды сұраған. Осы хаттың 20 наурызда келген жауабында патшаның қазақтары адам құрлы көрмей, оларды алдап қара жұмысқа жеккісі келгенің көреміз. Қарарда былай делінген: «Күніне 15 тиын күміс төлеу өте жоғары, қырғыздар осы соманың жартысына да қуана-қуана келіседі. Оларға бұл бекіністің Хиуа мен Қоқан тонаушылығына қарсы соғылып жатқаның дұрыстап түсіндіру керек. Бәрі-де олармен келіссөз жүргізе білуге байланысты. Арал бекінісін әзірге үлкейтудің қажеті жоқ, себебі Арал бекінісінің сызбасы мүлдем өзгеруі мүмкін» .

Орыс бекіністерінің салына бастауы хиуалықтардың табанды қарсылығына кезікті. Хиуалықтар орыс билігіне мойынұсынған қазақтарды жазалау үшін сусыз қалдыруды көздеді. Қожанияз бекінісінің тұсынан Қуандарияның суын төмен жібермей бөгеп, Арал теңізіне дейінгі жерді сусыз қалдырды. Судан тапшылық көрген қазақтар: төртқара, кішкене, шекті, тілеу рулары Райым бекінісінің маңайына көшіп келіп, хиуалықтарға зекет төлеуден бас тартады. Жалпы бұған дейін Арал өңірінде бұрынғы Хиуа ханы Қайыптың немересі Арынғазы Әбілғазыұлы билік жүргізді. Ол 1815–1821жж. дейін қазақтардың саяси тәуелсіздігіне қауіп төндірген Хиуа ханы Мұхаммед Рахыммен үздіксіз қарсыласты. Хиуа басқыншылығына қарсы күрес Арынғазының беделін өсірді. Оның билігін Орта жүздің батыс бөлігіндегі қазақтар да мойындады.
Көптеген қазақтар Арынғазы шетел басқыншылары мен өз билеушілерінің озбырлығынан құтқарады деп үміттенді. Алайда Арынғазыны патша үкіметі 1821 жылы Калугаға жер аударды, 1833 жылы сол жақта қайтыс болды.

Сыр бойын иеленуге ұмтылған патшалық Ресей өз жолындағы кедергіден осылай құтылды.
Ресей Райым бекінісін салуда сауда керуендерін тонаушылардан қорғау дегенді желеу етті. Ал шын мәнінде, Райым бекінісінің салынуы Ресейдің Хиуа хандығына қыр көрсетуі әрі Түркістан аймағын отарлауға жасаған алғашқы қадамы еді. Хиуа хандығы Сырдария бойында Райым бекінісі секілді орыс әскери бекіністерінің салынуына қарсылығын оның төңірегіндегі қазақтарды талап-тонаумен білдірді. Бірақ әскери күші басым Ресей империясы Райым бекінісінің негізін қалаған соң, Арал теңізі мен Сырдария өңіріне өз ықпалын жүргізе бастады. Сырдарияның сағасына Ресей әскерлері келгенге дейін жергілікті қазақ халқы хиуа және қоқан әскерлерінің тұрақты шапқыншылықтарынан зардап шегіп отырды. Қоқандықтардың тағы бір кезекті тонаушылық шабуылдары туралы генерал-лейтенант Ладыженский жазбасында мынадай мәлімет бар: «Қоқандықтар 1849 жылдан бастап бейбіт жатқан қырғыздарға тонаушылық шабуылдар жүргізіп келеді. " … 1850 жылдың жаз айында 400 қоқан қырғызы 10 қоқандықпен бірге Қазалы және Арық-Балық жерлері маңында көшіп жүрген шекті руының қырғыздарына шабуыл жасап, 20800 қой, 555 түйе, 139 сиыр, 934 жылғы айдап әкеткен және 403582 сом күміс, ақшаның көлемінде түрлі заттарын тонап кеткен. Арал бекінісің басшысы Майор Дамис оларды Көш-Қорғанға дейін қуып қорған бастығы мырза Раим Алимовтен тоналған мал-мүлікті қайтаруды талап етеді. Талабы орындалмағасын, бекіністі шабуылдап алып, Мырза Раимды тұтқындайды. Раимның айтуынша біздің (4) қырғыздарды тонауға, Ақмешіт басшысы Якуб Бек-де қатысқан. Майор Дамис Ташкент Күш-бегіне хат жолдайды, бірақ оны Якуп Бек ұстап қалып, Дамиске бұл Батыр Байқадамның өлімі үшін кек алу шарасы деп түсіндіреді. Бірақ Батыр Байқадам Қоқанға емес, Ресейге бағынғанын ескерсек, бұл жай сылтау деп пайымдауға болады…»

»…1851 жылдың басында Қарақұмда қыстап отырған төртқара, шөмекей, шекті, жағалбайлы, алтын руларының ауылдарын тонап қиратты. Орынбор және Самара генерал-губернаторлары Орынбор шекара комиссиясының төрағасына Ташкент Күш-бегіне тонаушылық әрекеттерінің екі көрші арасына сызыт түсіретіні және тартып алған малдарын қайтару туралы хат жазуға тапсырма берген. Алайда Ташкент Күш-бегі Нармұхаммедов ешқандай жауап қайтармаған. Есесіне 1852 жылдың 3 наурызында, Ақмешіт бегі Якубтың басшылығымен Қоқан бекіністері, Ақмешіт, Жөлек, Күміс, Шымқорған және Көш-Қорған бекіністерінен шыққан 130 хиуалықтар және 1000 Илекей сұлтанды ұстауға шығып; Арал бекінісі иелігіндегі Мақпалкөл және Айгерік мекендеріндегі ауылдарды тонады, көптеген малдарын айдап әкетеді. Арал бекінісінің бастығы Энгмань бұл жайлы мәлімет жете салысымен 70 қазақ пен 20 жаяу әскерден тұратын отряд құрып, тнаушылардың соңына түсп, келесі күні, Ақшабұлақтың бір қыратында қуып жетіп, сол жерде айқас 5 наурызға дейін созылып, ақыры қоқандықтар жеңіліп, Көш Қорғанның бастығы Чутук-Чуркмарь қаза табады. Энгмань отряды қашып кеткен қоқандықтардың артында қалған қырғыздардың тартып алған малдарды (83 түйе, 162 мүйізді ірі қара мал, 6 жылқы, 52925 қой) жинап иелеріне қайтарған.»

Мақсатымыз баяндама желісімен мұрағат қорындағы Арал қаласы тарихына қатысты XIX ғасырдың соңғы ширегіндегі патша шенеуніктерінің отарлау саясатын жүзеге асыру кезіндегі Арал бекінісі туралы жазып қалдырған мәліметтерімен көпшілік қауымды таныстыру.
Отандық тарихты зерттеудің аса құрамдас бөлігі, өлкеміздің қала берді еліміздің тарихын зерттеп-зерделеу, өскелең ұрпаққа тарихымызды шынайы көрсету, әлі-де терең зерттеуді қажет етеді.

Г.И. Ақтөреева Қызылорда облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік мұрағатының директоры