Ұлы жібек жолы Қазақстан жерінде. Қала мен дала.
13.04.2018 6639
III—II мың б.з.б. қатынастар дами бастаған

ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ ҚАЗАҚСТАН ЖЕРІНДЕ.
ҚАЛА МЕН ДАЛА
Жүздесу мен тілдесу және алыс-беріс байланыстары б. з. дейінгі III—ІІ-мыңжылдықтарда басталған. Бадахшан тауынан лазурит жәнс Хотан маңындағы Яркендария өзенінің жоғарғы жағынан нефрит кен орындары табылып, оларды өндіре бастауға сәйкес бұл байланыстар реттеліп, жөнге келтіріледі.
Б. з. дейінгі І-мыңжылдықтың орта кезінде Қара теңіз өңірінен Дон бойына, содан Онтүстік Орал өңіріндегі савроматтарға, Ертіске, одан әрі созылып Алтайға, жоғарғы Ертіс пен Зайсан көлі алқабын мекендеген агрипейлер еліне кететін Дала жалы жұмыс істей бастаған еді. Осынау жолмен жібек, ұлпандар мен терілер, иран кілемері, асыл металдардан жасалған бұйымдар сауда арқылы таратылып жататын. 
Қымбат бағалы жібек түрлерін таратуға сақтар мен скифтердің көшпелі тайпалары да қатысқан, осылардың дәнекерлік демеуі арқасында сол кез үшін таңсық болған бұл тауар Орта Азия мен Орта теңіз аймағына дейін жеткен.
Б. з. дейінгі II ғ. орта шенінде Жібек жолы елшіліктік және сауда-саттықтың тұрақты желісі ретінде қызмет атқара бастайды.
Б. з. II—V ғғ. егер Шығыстан жүре бастасақ, Жібек жолы Қытайдың ежелгі астанасы Чаньаннан шығып, Ланчжоу маңындағы Хуанхэ өткеліне баратын да, одан әрі Нань-Шаннің солтүстік сілемдерімен жүріп отырып, Ұлы Қытай қамалының батыс шетінен, Яшма қақпасының шебінен барып шығады. Осы арадан сара жол екіге айырылып, Такла-Макан шөлін солтүстік жағынан айналып өтетін. Терістік жолы Хами, Тұрфан, Шихо көгал аймақтары арқылы Іле алқабына жететін орталығы жжол Чаоннан Қарашарға, Ақсуға, сосын Бедел асуы арқылы Ыссық көлдің оңтүстік жағалауына шығып, Дунхуан, Хотан, Яркенд, Бактрияларды басып өтіп, Үндістан Үндістан мен Орта теңіз аймағына қарай шырқап кететін; бұл Оңтүстік жолы деп аталатын. Ал, Солтүстік жолы Қашғардан Ферғанаға, одан әрі Самарқанд, Бұқар, Мерв арқылы Хамаданға, Сирияға баратын. 
XI—ХІІ ғғ. Қытайдан шығып, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы Батысқа қарай өтетін жол бәрінен де жанданып кетеді. Жолдың бұлай ауытқуын бірнеше себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, Жетісуда Орта Азиямен жүретін сауда жолдарын бақылайтын Түрік қағандарының ордалары болатын. Екіншіден, Ферғана арқылы жүретін жол VII ғ. ішкі қырқыс салдарынан қауыпты болып қалған еді, үшіншіден, аса бай түрік қағандары мен олардың айналасындағы кісілер, теңіздің арғы бетінен келген тауарларды аса көп тұтынатындар қатарынан саналатын.
VII—XIV ғғ. елшілік және сауда керуендерінің дені Жібек жолымен жүретін. Сан ғасырлар бойы жол тынымсыз өзгеріп отырған, оның бір учаскелері айрықша маңыз алып, көркейіп жатса, екінші бір учаскелері жабылып, ондағы қалалар мен сауда бекеттрі қаңырап бос қалған. Мәселен, VI—VIII ғғ. негізгі күре жол Сирия — Иран — Орта Азия — Оңтүстік Қазақстан — Талас алқабы — Шу алқабы — Ыссық көл шұңқыры — Шығыс Түркістан болған. Осынау жолдың бір тармағы, дәлірек айтсақ, тағы бір бағыты Византиядан шығып, Дербент арқылы Каспий өңірі даласына — Маңғыстау — Арал өңірінен өтіп, Оңтүстік Қазақстанға жеткен. Бұл жол Сасанилар Иранына қарсы, Батыс түрік қағанаты мен Византия арасында сауда-елшілік одағы жасалған кезде, Иранды айналып өтетін болған. IX-—XII ғғ. жолдың бұл желісі, Орта Азия мен Таяу шығыс арқылы Кіші Азия мен Сирияға, Мысыр мен Византияға баратын жолға қарағанда, едәуір аз пайдаланылған, ал ХПІ—XIV ғғ. қайтадан жанданады. Құрлықтағы саяси хал-ақуал елшілер мен саудагерлердің және басқа да саяхат-серуенде жүрген кісілердің қай жолды таңдап алатынын анықтап отырған.