Қаржаубай Сартқожаұлы: Тоғұрыл басқарған Керей хандығы болмаса, Шыңғыс империясы болмас еді
04.03.2024 5932

– Соңғы кездері Тоғұрыл хан және Шыңғыс қаған құрған ұлық ұлыс деген мәселені көтеріп жүрсіз. Әңгімемізді осы тақырыптан бастасақ. Жалпы Шыңғыс қаған мен Тоғырыл ханды не байланыстырады? 

– Әлем тарихы сахнасында 1206 жылы Шыңғыс хан орнатқан «Меңги Ел» (Моңғол) хандығы жарияланғаннан бергі сегіз жүз жыл бойы Шыңғыс ханның тарихтағы рөлі үздіксіз насихатталып келеді. Тарихшылар Шыңғыс хан және оның ұрпақтары құрған ұлыстары мен қағанаттарының тарихына ерекше назар аударып отыр.

Алайда Шыңғыс ханға дейінгі Моңғол үстіртіндегі саяси ахуалы, қоғамы, өскен ортасы, олардың орталықтандырған қағанат құрудағы рөлі, әсері терең зерттелмей атүсті жағдайда сипаттаумен келді. Осының салдарынан бүгінгі моңғол үстіртіндегі Шыңғыс ханға дейінгі тарихи тұлғалардың рөлі оның көлеңкесінде қалып қойды. 

Сондай тұлғалардың бірі әрі бірегейі – Тоғұрыл хан еді. Ол – атақты Шыңғыс ханға қамқоршы, аға әрі өкіл әке болған адам. Тэмүжин тоғыз жасында әкесінен айырылып, жетім қалып, рулас ағайын-тумалары жұртқа тастап кеткен кезде ку жетімекті басынан сипап, бауырына басып асырап, адам еткен. Алайда сол Тоғұрыл хан туралы тарихшылар әлі күнге дейін бір жақсы сөз айтып көрген емес. 

Иә, өз заманында Тоғұрыл хан мен Есугей батыр екеуі жақсы дос, айырылмас анда болды. Әкесі өлген соң, Тэмүжинді өзінің аталас ағайындары Тайчығұт пен ру басшылары оның мал-мүлкін тартып алып, өзін бір сайдың ішіне жалғыз үй қалдырып, далаға тастап кете барған. Юаньши (Юань тарихы); Рашид-ад-дин еңбегінде, сондай-ақ «Құпия шежіреде» көрсеткендей, «көлеңкені жаршы кылып, қылқұйрықты қамшы қылып Тэмүжин тағдырдың тәлкегіне ұшырап, барар жер, басар тау, паналар аға, арқа сүйер ел-жұртсыз аңырап қалады.

Осылайша, қатал тағдырдың аяусыз талқысына түскен Тэмүжин жан-жаққа тарап кеткен тайпаластарының басын қосуды ойламақ түгілі, өзінің мынау қауіп-қатерге толы қайғылы тірліктен құтылудың қайырымсыз қатал тірлігімен алысып жалғыз қалады. Алайда тоғыз жасынан бастап көрген жетімдігі оны әбден пісіріп жетілдірді. Небары 17 жасында Қоңырат еліне барып қалыңдығы Бөрте ужинді алып келеді. Одан кейін басына төнген қауіптің қайғылы қапасынан алып шығар қарулы күш қажет екенін түсініп, іске кіріседі. Сүйеніш болатын қарулы күш кім болуға тиісті дегенді жылдар бойы сарапқа салып пайымдайды. Өйткені айналасы толған жау болатын. 

Жалпы ағайын деген «жақсы жүрсең көре алмайды, жаман жүрсен бере алмайтын» жұрт қой. Ағайын арасын қызғаншақтың кызыл иті кеміріп жатады. Бұл адамат пендесіне тән. Олар келешекте Моңғол бектігінің ханы (көсемі) болуы мүмкін деген ағайын арасындағы қызғаныш Тэмүжинді күшігінде талап тастауға итермелейді. Осы себепті Тэмүжиннің тумалары боржығын руын күшпен өздеріне косып алып бөлініп кеткен-ді. Осы оқиғадан соң Тайчығұттардан Тэмүжин мүлдем күдер үзеді. 

Негізінен Тайчығұттар Тэмүжиннің алтыншы атасы Хайдудың екінші ұлы Чарахай Линхудың ұрпағы саналады. Амбағай хан – осы рудың көсемі. Яғни тайчығұттар бір боржығын ішіндегі Тэмүжиннің кіндіктес тумалары болып есептеледі. 

Оның үстіне татар тайпасы боржығындардың ежелгі жауы саналады. Ол аздай Меркіт тайпасы да Есугей заманынан бері сақтаған өшін Тэмүжиннен алуға белсеніп отырғаны тағы бар болатын.

Шығыстағы Шүршіттің (Маньчжу) Цзинь (Алтын) хандығы мен Моңғолдар арасында мәңгілік жауластық бар. Бабасы Амбағай ханның басын татарларға алдыртып бас қаласының көшесіне іліп қойған. Найман хандығымен де кезінде аталары жауласқан. Яғни олар да Тэмүжинге еш уақытта қол ұшын бермейді деген сөз. 

Тек Керей ханы Тоғұрылдан үміт бар еді. 

Басында Керейдің Тоғұрыл ханы мен Қият боржығын Есугей батыр арасында андалық достық болғанын айтып өттім. Анда болу деген сөз – ант беріп қанмен кепілдендірген достық дегенді білдіреді. Кімде-кім бұл достықты бұзса, соның басы алынатын болған. Кезінде Тоғұрыл қисайған кезде сүйеген, жығылған кезде тұрғызған Тэмүжиннің әкесі Есугей батыр еді. Тэмүжин сол достықты үзбей жалғастырып, Керей хандығын пана тұтуды жөн деп іштей шешім қабылдауына осы жайт әсер етеді.

 – Яғни атақты Шыңғыс хан негізін қалаған «Меңги Ел» (Моңғол) империясының артында Тоғұрыл хан тұрды дейсіз ғой..

– Иә, солай деуге болады. Қиын-қыстау сәтте Шыңғыс қағанға демеу болған Керей ханы Тоғұрылдың бейнесі әлі зерттелген жоқ. Сол секілді Керей тайпасының кезінде үлкен империя болғаны да нақты зерттеуді қажет етеді. Керей хандығы ежелден (Ұйғыр дәуірінен) хандық құрған түңкелі мемлекет. Өзіндік басқару жүйесі, хандық билік жүргізу дәстүр-салты, жүйесі қалыптасқан ел.

Көшпелілер әлемінде хандықтың 9 критериясы болған. Олар: шекарасы шартты түрде белгіленген жері, хан тағы, байрақ және ту, мөр, ханның ханымы, бәсіре аты, тұрақты армиясы (тұрғақ) хан ордасы мен хан өргесі. Осы тоғыз критерия хандықтың қасиетті тоғыз белгісі деп атаған. Керей, наймандардың хандығында осы 9 критерий қалыптасумен қатар көршілес патшалықтар тарапынан мойындалған болуы керек. Оның бір дәлелі кытайдың Цзинь (Алтын) патшалығы тарапынан Тоғұрыл ханға Уаң атағының берілуі.

Хандықтың қарамағындағы тайпа, тайпалық одақтар автономия деңгейінде өмір сүрген. Сол кезеңдегі моңғол рулары мен тайпалары боржығын-қият, тайчығұт, барулас, адарнин, ұрұд, маңғұд, бесуд, хонхотон, арулад және түркі тайпалары болды. Яғни бұлар меркіт, жалайыр қоңырат, оңғыт, татар тайпалары болатын.

Моңғолдың осы 20 шақты руы Тэмүжин дәуіріне дейін бас қосып бір бектіктің (тайпалық одақ) қоластына ұйыса алмаған. Сондықтан сырттың қауіп-қатерінен қорғана алмайды. Осылардың қорғаушысы, қамқоршысы бір ғана Керей хандығы болып келді. Сол себептен Тэмүжин Керей хандығын пана тұтып Тоғұрыл ханға баруды жөн деп көрді.

Керейлердің сол дәуірде Моңғол үстіртіндегі жерінің шекарасы тұрақталған еді. Шығысы Кентай (угушань) жотасынан батысы Өтүкен жынысы (Ханғай) жотасының батыс босағасы Яб-ябғанға (Завхан) дейін, Оңтүстігі Алашань құмының солтүстігінен Сэлэнгі дариясының аралығындағы алып аймақты алып жатты. 

Шамалап айтқанда 20 түменнен асқан отбасы болған. Жиырма түмен отбасы дегенініз 200 000 отбасы. Әр отбасында 5 адаммен есептесек, 1 000 000 адам болды деп айтуға болады. Хандықтың ордасы – ежелгі Хунну империясынан бері Орда тіккен қасиетті Өтүкендегі Орхон дариясының бойындағы Хэлочуань (Қарақорым) қаласы болды. Сол секілді «Тұрғақ» деп аталатың тұрақты армиясы болды. Ұйғыр қағанат дәуірінен қалыптасқан Орда қорғаушыларының түңгі күзетін «кешіктін», күндізгі қорғаушыларын «тұрғақ» деп атаған.

Хан Ордасының игі жақсылары несториан дінін ұстанып, білім- ғылымға көңіл бөліп рухани байлығын дамыту жолында даму біраз табысқа жеткен еді. Соның нәтижесінде ұйғыр дәуірінен бастап соғды әліпбиін түркі тіліне бейімдеп биліктің іс-қағаздарын ұлттық түркі-тілінде жүргізіп келген-ді.

Халқының басым шаруашылығы бақташылық болумен қатар Орхон, Сэлэнгэ, Тогула (Туул), Ерө, Қара, Теледу, өзендер мен дариялар бойына егін екітіріп, экономикасын көтеру үстінде еді. Керей хандығының осындай мүмкіндігі Тэмүжинді қызықтырумен қатар бәсекелес бектіктер (тайпалар мен тайпалық одақтар) де көп болды. Олардың ең қуаттысы Найман, Қидан хандығы және тоғыз-татар, меркіт жалайыр, таңғұт және көршілес Цзинь (Алтын) патшалығы еді. Аталмыш патшалык хандықтар, бектіктер Керей хандығын ішінен ыдырату, сыртынан шабуылдай күшін сарқу сияқты әртүрлі кедергі-шинелістер тудырып келді. Бұл кейін империяның ақырындап әлсіреуіне алып келді. Бұл, әрине, өз алдына бөлек тақырып. 

Енді Тоғұрыл ханның Тэмүжиннің тұлға ретінде қалыптасуына қосқан үлесіне тоқталсаңыз... 

«Тэмүжин» деген тұлға кім?» деген мәселе қозғалғанда Тоғұрыл хан бейнесін айтпай кетуге болмайды. Бірақ Тэмүжин жеке тұлға (личность) ретінде, сезімтал, алғыр (коварный), айлакер қандай бір іске ілкімді шешім қабылдап іске асыруға шебер болғаны даусыз. Әскери қолбасшы әрі саясаткер ретінде мықты стратег. Табиғат оған осындай артықшылықты үйіп төгіп бергені де талай зерттеуге арқау болып келеді. 

Қатал тағдыр тәлкегіне түскен Тэмүжинді өмір сүрген қоғамы пісіріп жетілдірген. Оның өмір жолын бірнеше кезеңнен бөліп қарастыру дұрыс сияқты:

А) Тоғыздан он жеті жас аралығындағы Тэмүжин панасыздықтың, жоқшылықтың, қысым мен қиындықтың шеккен кездегі ой арманы ержетіп, етек-жеңін жинау болды. Бұл кездегі түсінігі бір басқа.

Б) Тоғұрыл хан панасына кіріп, тайпалстарын қайтарып алып, Меркіттен кегін алғаннан кейінгі ой түйсігі, түсінігі мақсаты басқаша болды.

В) Тоғұрыл хан арқылы татарлардан кейін қайтарғаннан кейінгі Тэмүжиннің түсінігі мақсаты бір басқа.

Г) Көйтендегі болған қырған соғыс пен Цзинь хандығымен болған соғыстан кейінгі Тэмүжиннің түсінігі ой арманы, мақсаты бір басқа болып өзгерді.

Д) Керей хандығының тағын иеленіп, Моңғол хандығын жариялап, «Шыңғыс хан» атағын алғаннан кейінгі мақсаты бір басқа болып өзгерді. 

Ж) Әлемге иелік етуге ұмтылған кезеңдегі ой түйсігі, мақсаты бір басқа болды.

Тэмүжин жанына бауырлары Хасар, Бэгудэй екеуін ертіп Тоғула (Туул) дариясының жағасындағы Қара түңкедегі Тоғұрылға ханға аттанады. Қайын атасы Дай шешеннің киітке берген бұлғын ішігін Тоғұрыл ханға беріп тұрып: «Әкеміз Есугей батырмен Оң хан Сіз анда болған екенсіз. Әкеммен анда болғандықтан, ендігі әкеміз Сізсіз. Қалыңдығымды әкеліп едім. Сонда берілген киіт әкеміздің андасы Сізге лайық» деп бұлғын ішікті иығына жабады. Осы жолы Тэмүжин Тоғұрыл ханның сыртынан туған «тонды баласы» болып, оны «әке» деп атап анттасады. Сонда Керей хандығының Тоғұрыл ханы:

Қара бұлғын ішігіңнің қаруы – 

Қақыраған ұлысыңды құрастырып берейін. 

Бұлғын ішігіңнің

Бытыраған ұлысыңды қаруы

Біріктіріп берейін.

Бүйрегін бүйіріне, көкірегін кеудесіне

Көңілдегідей салып берейін, – деп Тэмүжинді разы етіп өзіне қайтарады.

Керейдің Тоғұрыл ханы айтқан сөзінде тұрып Тэмүжинді қасына алып, Жажырат руының Жамуха шешенге тіл жеткізіп, бас қосып Тайчығұттарға шабуыл жасап, Тэмүжиннің руластарын қолына салады.

 – Керей хандығының қолдауына ие болған Тэмүжин өзінің армандағын мақсаттарын іске асыруға ұмтылады ғой сосын...

– Бұл кезде тек Тэмүжин ғана емес моңғол текті дарлікен, нирүн әулетінің көптеген рулары мен тайпалары, тайпалық бірлестіктер (бектіктер), және түркі текті меркіт, жалайыр, орман тайпаларының (Құтықбек бастаған) барлығы Керей хандығының, қоластында, қамқорлығында болған еді. Керейдің Тоғұрыл ханы атқа қонып, сауыт-сайманын асынды дегенді естігенде көптеген тайпалар соғыссыз түсіп беріп, қолдап-қолпаштайтын болған.

Керей хандығының осы беделін меркітпен соғысқан «Бур-кері» соғысында Тэмүжин жақсы түсініп сол деңгейге жетуді ойлаған. Тэмүжин тентіреп жүрген кездегі ой түсігінен арылып алға қойған мақсаты өзгере бастаған. Бұрын қатал тағдырдың құрсауынан шығуды армандаса, енді Нирун әулетінің руларының басын қосып, елдің бетіне тік қарай алатындай деңгейге жетуге болатынын түсінді. Осылайша баянсыз тірліктің батпағынан шығуға ұмытылған шақта Тэмүжиннің әкесінде кеткен кегін ұлынан алмаққа Сэлэнгі бойындағы Меркіттер атқа қонады. Меркіттер Керуленнің бастау басындағы Уш-Бүркуде бейқам отырған Тэмүжин ауылына басып кіріп Өгүлін-үжін, Бөрте бастаған әйелдерді тұтқындайды. Тэмүжин Бөртенің ақылымен әзер қашып құтылып, Бурги тауына (Бурхан-халдун) барып бой тасалап жаны әрең қалады.

Тэмүжин өкіл әкесі Уаң-ханға хабар жіберіп көмектесуді сұрап сенімді адамы арқылы тіл жеткізеді. Тоғұрыл хан тағы да тұрғақтарын (әскерін) жасақтап, Жамуха мен Тэмүжин қолдарын қосып алып, 1179 жылдың Күз айында үш-меркітті (Сэлэнгі дариясының бойындағы Удуд, Убас, Хад Меркіт) талқандап Өгүлэн-үұжін, Бөрте және баска адамдарын тұтқыннан босатып, үшеуі мол олжамен еліне қайтады.

Осы меркіттерді шапқан шабуылдан қайтқаннан кейін Жамуха мен Тэмүжин екеуі бір көрпенің астында жатып, бір шәйнек шайын бөліп ішіп, Қорқонақ Жабурда бір жыл жарым бірге болады. Сол жерден жұрт ауыстырып көшкен кезде Жамуха: «Тауға жақын түсейік шөбі шүйгін жылқышыға жайлы болар. Өзенге жақын қонайық жатар орын, ішер суы, шөбі бал қойшы, қозышыға жайлы болар», – дейді. Жамух шешеннің бұл сөзінің мәнін ұға алмаған Тэмүжин анасынан барып сұрайды. Сонда Өгүлүн-ужіннің жанында тұрған Бөрте ханум: «Жамух шешенді тез айнығыш, екі беткей адам деуші еді. Бізден әбден жалыққан екен, мына сөзінде үлкен астар жатыр. Бұл араға түспестеп өтіп кетейік», – дейді. Сөйтіп Тэмүжин мен Жамуха арасы ашылады. Жамуха Бодонцардың (бодун-чор) олжалап алған әйелінің іште келген әулеттен тарайды.

Тэмүжиннен бөлініп кеткеннен кейін Жамуха өзін қолдаушы рулардың қолпаштауымен «Гүр хан» атынып, келешекте бүкіл бүтін моңғол тайпаларының ханы болуға бір табан жақындаған. Бұл хабарды естіген Тэмүжиннің жақтастары «моңғолдардың ханы етіп сізді сайлайық» деген тілек білдірген. Жақтастарының тілегін қабыл алып, 1189 жылы «моңғол ханы» болып сайланған. 

Тэмүжин «хан» болып сайланған сон үлкен реформалар жасады:

А) соғыс дайындығын жасаушылар тобы, жерші, тыңшы және бұларды тылмен байланыстырушылар;

- ханды қорғаушылар, мергендер тобы;

- шайқас кезінде қоян-қолтық соғысқа кірушілер тобы;

Ә) шаруашылық жұмыстарын және ат-көлік, арбаларды жауаптанушы топ;

Б) әскерлерге арнап ішіп-жеп, тамақтарын дайындау топ.

Көріп отырғаныңдай, мұның барлығы да Тэмүжинге «моңғол ханы» лауазымын бергеннен кейін жасаған жұмыстар еді.

Бұл нені көрсетеді?

Атакты моңғолтанушы Н.Ц. Мункуев дәлелдегендей тайпа, тайпалық одақ басшылар, көсемдерін моңғолдар «хан» деп атапты. Хандық деңгейге көтерілмеген тайпа немесе тайпалық одақ соғысқа дайындық кезінде ру басшыларының біріккен құрылтайында уақытша қолбасшы етіп осылайша сайлайтын болған. Бұл нені көрсетеді? 1201 жылы Тэмүжинді боржығын кият тайпасының біріккен қолының (мыңдығын құраған қолдың) колбасшысына сайланғанын дәлелдейтінін көрсетеді.

Өйтсе, бұл кезде Тэмүжин боржығын-қият тайпасының немесе Нирун әулетінің бір бөлек тайпасының басшысына сайланып, қолбасшы болғанын әрі Керей хандығының қоластындағы мыңдық қолбасшысы болғанын көрсетеді. 

– Бірақ бұл жағдай ұзаққа бармады ғой. Күшейіп алған Тэмүжин Тоғұрыл ханға қарсы шықты. Бұған не жағдай әсер етті? 

– Негізінен Тэмүжин 1203 жылы Керей хандығын құлатқанға дейін моңғол үстіртіндегі барлық ру, тайпалар керей хандығының қоластында, олардың қамқорлығында болған.

Кезінде кидандар күшейіп солтүстікті иленгенде кидан басқыншыларына қарсы күресті тек кана Керейлер басшылық етіп жүргізіп, ақыры керейлердің қажымай-талмай соғысқан күресінің нәтижесінде Қидан хандығы өмір сүруін тоқтатты. Моңғол үстіртіндегі бытырап кеткен ру, тайпалардың қорғаушысы да қамқоршысы керейлер болды.

Керейдің Тоғұрыл ханының әскери күшімен 1179 жылы меркіттерді, 1189 жылы болған Тэмүжин мен Жамуха арасындағы «Далан-Балжуд соғысы», 1202 жылы Жамуханың итермелеуімен (поджигать) болған «Көйтен соғысы», Татарлармен 1196, 1200 жылдардағы екі мәрте болған соғыстардың барлығында Тоғұрыл хан армиясының күшімен жеңіске жетті. Аталмыш соғыстарда жеңілген тайпалар, бектіктер, рулар Керейдің Тоғұрыл ханның қоластына кіріп бағынды.

Осының топ ортасында Тоғұрыл мен бірге қан кешіп, жан беріп, жан алысып жүрген Тэмүжиннің мақсат мүрдесі мүлдем өзгеріп шыға келді. Бұл кездегі Тэмүжинді меркітті бағындырған кездегі Тэмүжинмен салыстыруға келмейді.

1197 жылдары Цзинь (алтын) патшасы тарапынан Тоғұрыл ханға «Уаң хан», оның ұлы Ілкі Сенгунге «Сенгун» (генерал), Тэмүжинге «Жағут-хори» (шекара қорғаушы қолбасшы) атақ берген. Бұған Тэмүжин іштей қатты қорланған. Әсіресе бәсекелесі Ілкіге «Сенгун» (генерал) атақ беріп, өзін одан төмен бағалағанға қорланған.

Моңғол үстіртіндегі тайпаларды түркітекті керейлерге беріп қоюға мүлдем болмайды деген ойға келді. 1189 жылы болған «Далан Балжуд» соғысында Тэмүжиннің Жамухаға «касиетті жеріңнің топырағын басқаға таптатпауынды ескертемін» деген сөзі Тэмүжин есін жиып, етек-жеңін көтерген күннен бастап керейлерге тісін басып жүргенін аңғартады.

Осы аралықта Тоғұрыл ханның кесе басқан кателіктеріне де Тэмүжин төзімділікпен қарады. 1199 жылы наймандармен соғысқанда Жамуханың азғыруына еріп Байдрақ (Байтарақ, байтерек – Қ.С.) дариясының бойында Тоғұрыл хан Тэмүжинді наймандардың қуатты армиясының соғыс алаңына жалғыз тастап, әскерін ертіп, сытылып кетіп қалады. Орта жолда найманның Көксу Сабраг батырының тұзағына түсіп қалады. Осы қауіптен Тэмүжин Борчы, Муқұлай бастаған төрт арланын жіберіп, Уаң ханды кұтқарып алады.

– Сол жолы Тэмүжин өзін жау қолына жалғыз тастап кеткен Уаң ханды неге құтқарды деген жауап іздеп көрдіңіз бе? 

– Негізінен Тэмужин Уаң ханды жау қолына бере салуға әбден болатын еді. Бірақ та Моңғол үстіртіндегі найман, ойрад, онгуд, жүркін секілді әлі толық берілмеген тайчығұттарды, татарлардың ру, тайпаларын бір тудың астына біріктіру саясаты аяқталмағынын есепке алып, керейлер әлі де өзіне кажет екенін жақсы түсінген. Сондықтан Тоғұрыл ханның Тэмужиннен қауіптеніп екі ойлы жүргенін сезсе де сезбеген болып, өткізіп жіберуді жөн көрген. Жамуха шешен Керей, Найман, Тэмужин, Татарлардың арасына от тастап, бірімен-бірін алыстырып шабыстырумен келеді. Онымен қоймай Жамуха 1201 жылы Тэмужинге қарсы шабуылға шығып, «Тэниг Горхи» деген жерде жеңіліп қашып кетті. Сол жылы уақыт өткізбей атақты «Көйтен соғысын» ұйымдастырды. Келесі 1202 жылы қыста Тайчығұттарға Тэмужин шабуылдап халқын қарамағына алғанымен, олардың басшылары Алтын, Хучар, Хадхан, Хашундар Жамухамен бірігіп Тэмужинмен жауласып кетті. Осы оқиғалардан болып Тэмужинің көңілі алаң болды. Сондықтан Уаң хан Тоғұрылдан қол үзбеуді ойлады. Ол үшін құда-құдандалы болып, бұрынғы достықты нығайту қажет деген шешімге келеді.

Тэмужин тұнғышы Жошыға Ілкі Сенгуннің қарындасы Чағур-бегім бикешті айттырып, Ілкінің Ұлы Тұсаққа туған қызы Қожын бегімді беріп карсы кұда болуды өтініп рұқсатын сұрайды. Жасы егде тартқан Тоғұрыл ханға билік берместен, Ілкі Сенгін шорт кесіп, «Біздің қызымыз Тэмужинге келін боп барса, есіктен төрге қарап отырады. Ал оның қызы бізге келін боп келсе төрден есікке қарап отыратын болады» деп Тэмужиннің бетін қайтарады.

Осы аралыкта ежелге жауы татарларды Тэмужин талқандап арбаның доңғолағынан бойы асқандардың басын кесіп, түбегейлі қоластына қаратты. Нәтижесінде Моңғол үстіртінде Тоғұрыл, Найманның Таян ханы және Тэмужин үшеуі үш үлкен топқа топтасты. 1202 жылы Ілкі Сенгун Тэмужинге қастық жасауды жоспарлайды.

Бір жыл бұрын қарсы құда болуды өтінген Тэмужинді «құйрық бауыр жесіп, құда болуға» шақырып қастық жасап, көзін құртуды ойластырады. Тәңірдің шапағаты тиген болу керек керейлердің шақыруы бойынша жолға шығып келе жатып Тэмужин жолдан қайтып кетеді.

Соңында бұл Жамуханың ойлап тапқан қулығымен ұйымдастырылған қастық екені анықталып қалады. Бұл әдейі ұйымдастырылған қастық екенін жылқышы Кішлік естіп, түнімен шапқылап Тэмужинге жеткізеді.

Арам пиғылы ашылып қалған Ілкі Сенгун уақыт өткізбей, әскерін сапқа тұрғызып, Тэмужинге қарсы аттанады. Тэмужинде дайындығын жасап, Му өндөр (Жаман төбе) деген жерде Ілкі Сенгуннің қолын тосып алады. Керей тарапы қолын Жамухаға басқартады. Тэмужиннің қолы 3000, ал керейлердің қолы одан екі есе көп болған деп жазады қытай тарихшысы Сайшал.

Бұл соғыс 1203 жылы жаз айында болған. Жердің атауымен «Му өндөр» (Жаман төбе) соғысы деп аталған. Ілкі Сенгун бетін жаралап, атынан құлап ауыр қолға түскен. Күн батып қараңғылық түскендіктен шабуыл тоқтайды. Тэмужиннің атақты Хуйлдар батыры және Өгедей екеуі ауыр жараланып, Борчу арланың аты өлген. Екі жақта да мол шығын болған. Тэмужин ертеңінде әскерлерін тізімдегенде 3000 адамнан 2600 әскер қалған екен. Қасар бастаған қол керейлердің қолына түсіп тұтқындалады. Көп уақыт қамауда ұстамай оларды Уаң хан босаттырып жібереді. «Му өндөр» (Жаман төбе) соғысынан кейін Жамуха, Тоғұрыл жағында жүрген Дарадай, Отчигин, Алтын, Хорчар, Ойрадтың Құтығбек сияқты даланың көкжалдары Тэмужин жағына шығып кетеді. Олармен қатар жүркін руы, адам саны мол Қоңыраттар Тэмужинді қолдап армиясына ілеседі. «Жаман төбе» соғысы аяқтала сала Жамуха Тэмужинге адам жіберіп: «Уаң хан соғыс тактикасына жетік адам емес. Осы жолғы соғыста оның колын мен басқардым. Тэмужин анда сен бар күшіңді жұмсап соғысатын бол» деп тіл жеткізіп, Уаң ханның армиясының құпиясын ашып берген. Алдыңғы Көйтен соғысында да, кейінгі найманмен соғысқанда да Жамуха шешен екі жақты егестіріп, біріне-бірін қарсы қойып шабыстырып алып, шайқас аяқталар кезде соғыс алаңын тастап шығып, Тэмужинге қарсы жақтың соғыс тактикасын ашып беріп отырған. Осы іс -әрекеттері Жамуханы Тэмужиннің құпия тыңшысы емес пе деген ойға қалдырады. Басқаларға ол құпиясын сездірмеу мақсатында анда-санда Тэмужинге қарсы шабуыл жасап қойып, сытылып шығып отырған.

Керейлер мен Тэмужиннің «Жаман төбе» соғысы дала шонжарларының ішкі құпиясын ашып айдай қылды. Енді мәймөңкілеп көлгірсу мүмкіндік қалмады. Орталық Азияның моңғол үстіртіндегі өзара шайқасқан рулар мен тайпалар, бектіктер Найман, Керей және Тэмужин үшеуінің қоластына шоғырланды. Бұл үшеуінің қай жеңгені ұлы даланың қожайыны болмақ. Сондықтан Тэмужин осы жолғы Кереймен жасамақ соғыста жеңіп шықса, Наймандарды қалпақпен ұрып алатын беделге ие болатынын білді. Ол үшін Тэмужин соғыстың саяси тактикаларының құрып, дайындыққа кіріседі.

1. Қасардың атынан Ілкі Сенгунге елші жіберіп, керей тарапын жайбарақаттандыратын сөз жеткізеді. Онда: «Мен «хан әкемнің» тонымен туған ұлы едім. Сен іштен туған ұлысың. Арамызға ала мысық жүгіріп өтіп, андалықты бұзды. Енді сен «хан әкемнің» көңілін күпті қылмай жүрегін ауыртпай тәңертең кешке кіріп шығып асырап сақта» деп айтқыздырады. Бұл сөзі арқылы қарсы тарапын жайбарақаттандырумен қатар Тэмужин қайта соғысуға қорқып отыр деген түсінік беру үшін жасалған саяси қулық еді.

2. Керейлерге тыңшы жіберіп олардың соғыс жоспарын, күшін және қашан қай кезде соғысуға дайындық жасап жатқанын Тэмужин біліп отырды.

3. Керей жағында жүрген Жамуха, Алтын, Хучар, Хачиғундар бас болған моңғол тайпаларына үгіт-насихат жүргізіп Уаң ханнан алыстататын тактикаға көшеді.

Уаң хан мен Сенгун Ілке екеуі осы жолғы ұлы жіңгір соғыстан кейін «Жіжігір төбе» деп аталатын жерде Уаң хан алтын босағалы алты қанат ордасын тігіп жайбарақат жатқан кезде Тэмужин түн ішінде Ордаға шабуыл жасайды. Олар үш күн, үш түн соғысып Тэмужин Уаң ханды «Жіжігір төбе» соғысында тізе бүктіреді.

Тоғұрыл хан мен Сенгун қашып шығып наймандар жеріне барғанда Уаң ханды найман шолғыншылары өлтіреді: Сенгун әуелі таңғұттарға, одан соң Қашқар, Хатонға барғанда сол аймақтың басшысы Қылыш қара деген адам өлтіреді.

Тоғұрыл хан мен Тэмужин арасындағы оқиға осылайша аяқталады. Осы ұлы оқиғаны кейінгі ұрпаққа тарих етіп жазып қалдырған «Моңғолдың құпия шежіресі» 1240 жылы, Рашид ад-диннің «Жылнамалар жинағы» 1308 жылы, «Юань империясының тарихы» 1400 жылдары Мин патшалығының дәуірінде жазылған. Бұл еңбектер моңғол империясы әлемді жаулап алғаннан кейін даңқы шығып дәуірлен тұрған заманда, кім жеңсе, соның мадақтаушысы көбейген заманда жазылған мұралар.

– Тоғұрыл хан мен Тэмужин арасындағы жанжал кейін тарихшылар тарапынан қатты бұрмаланып кетті дейсіз ғой сонда...

– Шыңғыс хан мен Моңғол ақсүйектерінің ерлігі мен парасаттылығын жырлау мақсатында жазылған аталмыш жәдігерлерде, барлық ізгілікті, батырлыкы, ерлікті, адалдықты әрқашан да Шыңғыс хан мен олардың туыс-туған, ағайын-достарының, адал нояндарының басына үйіп-төгеді де, оған қарсы болғандарды надан, топас, қараниет, екі беткей, сайқал етіп көрсетеді. Өз заманында тарихи тұлғаны мадақтау мен марапаттау мақсатында жазылған жәдігерлердің мұндай ерекшелігіне түсіністікпен қарауға болады. Өкінішті жері сол дәуірдің қажетінен туындаған сыңаржақты көзқарастың күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатканы. Осы орайда сәл де болса шындықтың бетін ашу ниетінде, керей Тоғұрыл Уаң хан мен Темүжиннің арасындағы кейбір байланыстар туралы мыналарды ескере кетуді жөн көрдік.

Темүжин Керей хандығын түбегейлі жойғанға дейін, бұрынғы түркі қағанаттар (хунну, сияньби, жужан Көк түрік) орда тіккен көшпенділердің алтын бесігі саналатын аймақтың өз иесі болды десек, ол Керей хандығының Тоғұрыл Уаң ханы болды. Оның бүкіл саналы ғұмыры осы өңірде өз ұлысының билігін сақтау және оны бекемдеу жолындағы күрестермен өтті. Оның қасында Темүжинді ертіп алып наймандарға жорық жасауы, меркіттерді неше мәрте шабуы, татарлармен күресуі, міне, осылардың барлығы қазіргі тарихшылар айтып жүргендей, ұлы Шыңғыс ханның моңғол ұлтының басын құраудағы жасаған жорықтары емес, қайта Тоғұрыл ханның Керей хандығының осы аймақта көп заманнан бері қалыптасқан үстемдігін нығайту, жалғастыру жолындағы қимылдары болатын. Дәл солай болғандықтан басқалардың аталған өңірге жасаған әскери жорықтары Темүжинге емес көбінесе Тоғұрыл ханға бағытталып отырған. Айталық, осы аймақтың батыс жағын алып жатқан наймандардың аталған аймаққа неше мәрте жүргізген соғысы тек Тоғұрыл ханның Керей хандығын құлату мақсатында жасалды. Татар, меркіт, найман, ойрат, тайчығұт, т.б. бірлесіп, неше дүркін жасалған жорықта Тоғұрыл ханның қол астындағы Темүжиннің азғана моңғолдарына емес, Тоғұрыл ханның Керей хандығын жою мақсатында ұйымдастырылды. Тоғұрыл хан мен Темүжиннің Алтайдан көктей өтіп, наймандарға жасаған жорығын, Тоғұрыл ханның наймандарға жасаған жаза жорығы демегенде, Темүжиннің қай мақсаттағы қимылы демексің? Бұл кезде Темүжин де ауызын айға білеген Найман хандығына жорыққа шығатын қауқар да, ниет де жоқ болатын. Моңғол мен наймандар ортасында жорыққа аттанатын мүдде қақтығысы да болған емес, керек десеңіз, Тоғұрыл хан Темүжінге карсы соғысты да деректерде айтылғандай қайсыбіреулердің араға от жағуынан емес, дәл осы мақсатта ұйымдастырды. Сонымен Тоғұрыл ханның көзінің тірісінде Темүжин тек оның, албат (қарашасы), аларманы, қолқанаты, сенімді серігі, Темүжиннің өз сөзімен айтқанда «тонымен туған баласы» ғана есептелетін. Тоғұрыл Уаң хан оны осылай деп қарады, әрі ол өзінің бұл көзқарасын өзімен бірге о дүниеге ала кетті. Біз енді Тоғұрыл мен Темүжиннің, керейлер мен моңғолдардың даладағы тарихи орны мен келбеті туралы басқалардың пікірін қузап көрейік. Шын мәнінде бұл сауалға Тоғұрыл хан өлгеннен кейін Найманның Таян ханы айтқан: «Күн шығыста жасайтын азғана моңғолдар, түрлі қитұрқы амалдарды қолданып қарт Уаң ханды қуып жіберді. Міне енді Уаң хан өлді. Ол халқын иемденіп алып, енді қаған болғысы келіп жүрген шығар? Көк аспанды жарық қылып тұру үшін, аспанда бір күн, бір ай ғана болады. Жер бетінде екі қаған калай болсын? Біз енді аттанып барып сол аз моңғолды жаулап алайық» деген сөздері болған оқиғаға сол заман өкелдерінің саяси қорытындысы.

Керісінше Темүжин үшін Тоғұрыл хан оның мықты сүйеніші болды. Келешек жаһанды жаулап алушы Керей хандығы мен оның билеушілерінің беделін өз пайдасына шебер пайдалана білді. Дәл солардын арқасында өзі қарапайым батырдың ұлы, қатардағы рубасы дәрежесінен айтулы ханға, елі осы аймақтағы беделді ұлысқа айналды, ақыры, айласын «әкесінен» асырып, қатыгездік танытты. Нәтижесінде шешуші кезекте Тоғұрыл ханды құлатып хандығын, ұлысын ойрандап тынды. 

– Бұл жерде кінәні Тоғұрыл ханның әлсіздігінен іздейміз бе, әлде Темүжиннің айлакерлігінен деп білеміз бе?

– Негізінен Тоғұрыл хан үлкен стратегиялық қателік жіберді деуге болады. Жеке тұлғалар (личность) арасындағы карапайым адами достықпен саясаттың арасындағы уақытша достық екеуінің ара-жігін айыра алмай, ақыр соңында тегеурінді, әбжіл, аферист Тэмужиннің жемі болды. Достықта кесе бассаң, өз басымен бітеді. Саяси достықта қате болсаң, артында тұрған бүкіл халықтың тағдырына пышақ ұрасың. Билікке келдің бе? Орында туысқандармен де, тумалармен де, басқа бұқарамен бірдей қатынасасың. Сондықтан да қазақ «төреде (чиновник) туыс жоқ» десе Шыңғыс хан «билік адамының беті темір болу керек» деп қалдырған.

Екінші қателігі, Жамуха сияқты алаяқ залымдардың сөзіне жығыла сенген еді. Сосын соғыс алдында жүретін тіл алып тұру (тыңшылық), қарсы жақты ортасынан жаратын саяси насихат жүргізе алмағаны тағы бар.

Тоғұрыл ханның басқарған хандық ішіндегі туыстарының және тайпа көсемдерін жеттік зерттемегендіктен, ел ішінде іріткі болды және олар Тоғұрыл ханға сенімді серік бола алмады.

Бесіншіден, хан тағын мұралыққа қалдырмақшы болған ұлы Ілке Сенгун ақылсыз, ожар, көз алдындағыдан аса алмай қысқа ойлайтын адам болды. 

Осы сияқты көптеген кемшіліктер хан тағынан айырылуға әкеп соқты. Қысқаша айтсақ осылай енді.

– Әке орнына әке болған адамды сатып, айласын асырғанымен, Шыңғысханның өзі армандаған сол мәңгілік ел идеясын жүргізе алмады ғой. Керей мен найманның ықпалы күшейіп, ұрпағы да жұтылып кетті...

– Рас, Керей тағын иеленіп алғаннан кейін бүкіл бүтін хандықты моңғол нояндары алып жүре алмады. Бөрте-үжіннің сөзімен айтсақ, ат үстінде жүріп баскаларды бағындыру оңай болмаса да, аттан түсіп Ел басқару қиын болды. Сондықтан, сонау Ұйғыр хандығынан бері Ел басқарып тәжірибе жинаған керейлер мен наймандарды, Турфандағы ыдықұттарды пайдалануға тура келді.

Бұл іске ең әуелі керей Чіңғай, найман Тататұңға секілді тұлғалар моңғол хандығына одан соң моңғол империясына, Юань империясына еңбек етті. Бұларды ол заманда «бітігші» деп, «бітігшілердің бастығы» деген лауазым тағайындап хан жарлығын. Ел тарихын, хандық іс-қағаздарын жүргізіп тұрды. Хан Ордасындағы бітігшілер басшысы ханның бас уәзіріннің жұмысын атқаратын еді.

Сол түрік текті бітігшілердің атсалыса кірісуінің нәтижесінде мемлекеттік реформалар жасалды. Атап айтар болсақ: 

1. Моңғол хандығының, империясының мемлекеттік Ел басқару жүйесіне бұрынғы Көк Түрік империясының жүйесін тікелей алып пайдаланды. Бұл жүйе Көк түріктен, Біріккен түрік қағанатына (Ұйғыр) одан Керей, Найман хандықтары арқылы жалғасқан. Онда: Ел (мемлекет), төр (билік), тұрғақ (армия), қолбасшы (бұйрұқ), шерік (әскер), есір (хан тағы), Орда (ханның қызмет ордасы), Өргө (ханның отбасы мен тұратын хан сарайы) т.с.с.

Шыңғысхан империясы далалық империя болғандықтан, қытайдың не парсылардың Ел басқару жүйесі емес, далалық империя жүйесін енгізді.

2. Халыққа хат танытып, ағарту жұмыстарына ерекше көңіл болды. Ұйғыр (Біріккен түрік хандығы) дәуірінде соғдылардан алып қолданған ұйғыр жазуын (бұл арада ұйғыр этносы емес, ұйғыр атты хандықтың саяси атауы сөз етіп отырмыз) моңғол тіліне бейімдеп жаңадан әліпби жасап енгізді.

3. Хан сарайындағы қызметкерлер, хан қатындарының сәндік киімдеріне дейін өзгеріс енгізіп керей, наймандардың киімін пайдаланды. 

4. Армияны жаңадан жасақтап сонау Хунну дәуірінен бермен қарай пайдаланып келген ондық жүйеге енгізді, т.с.с.

5. Сарайдағы ханумдардың рөлін ұлғайтып ханның кеңесшісінің деңгейіне дейін көтерді. Өгедейдің керейден алған бәйбішесіне «Тоғыз хатун» атағын беріп беделін асқақтаты (керейлер ту баста «Тоғыз-оғыз» атанған дәстүрін ұлықтаған болуы мүмкін) Тоғұрыл ханның інісі Жақа хамбудың қызы Тұлұйдың (Төле) бәйбішесі Сорқақтан хатунды империяның «әз анасы» деп ұлықтады. Оның жөні бөлек еді. Сорқақтан хатунның төрт ұлы, төрт алып хандықтың ханы болды. Олар: Мөңке Моңғол империясының, Құбылай Юань империясының, Құлағу Парсы империясының, Арықбұқа Моңғол империясының хандары болған.

6. Тэмужинге «Шыңғыс хан» деп лауазым атақты Онон дариясының бойында моңғолдың ақсүйектерімен алып нояндары бас қосқан құрылтайда Чыңғай-уәзір «Шыңғыс хан» (Чэнцзисы хуанди) деген атақ берді. 

7. Шыңғыс хан құрған хандықта 1206 жылы Керулен дариясы бойындағы Аурат Ордада болған Құрылтай «Меңгу Ел-моңғол» деп атауды да осы Чэнғай ұсынған.

Қысқаша айтсақ, Тоғұрыл басқарған керей хандығы болмаса, Тоғұрыл мен Есугей кезінде анда болмаса, Шыңғыс империясы болмас еді. Тоғұрыл хан көмектеспесе, Тэмүжин бас көтере алмас еді, Тоғұрыл атқа қонып жүкті Бөртені құтқармаса, Жошы Алтын Орда (Жошы-қыпшақ ұлысын) құрар ма еді? 

Өйтсе, Жошының құрған «Жошы-қыпшақ ұлысы (немесе Ұлық ұлысы) – осыдан мың жыл бұрып Орталық Азияда билік құрған Керей хандығының жалғасы. Сондықтан да бұл империя түркі-моңғол текті халықтарға ортақ империя. Жошы империясының орнаған территориясы – қазақ жері, халқы-бүгінгі қазақ халқы. Сондықтан да бүгінгі жастардың, халқымыздың мақтанышы болуға тиісті. Әрі қазақ халқы империя құрған ұлттың біріне кіреді. «Империя ұрпағы» деген ұғымның өзі еліміздің тәуелсіздігіне еңбек етеді.

Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің Жошы құрған «Ұлық ұлыстың» 800 жылдығын тойлау уақытын тапқан келелі де кепілді іс болмақ.

– Салиқалы әңгімеңізге рахмет! 

Бүркіт Нұрасыл