Қатердің алдын алмасақ болмайды...
23.02.2023 12663

Қаңтар оқиғалары күндері халықтың береке-бірлігі мен тыныштығын бұзған оқиғаға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «... бұл – шетелден содырларды  тарту арқылы мұқият жоспарланған, нақтысында, террористік акция... Бұл арнайы дайындықтан өткен содырлар, әрине гастербайтер атын жамылып, шекара бекеттерінен өткізіп, операцияға басшылық етіп, іске кірісу үшін қалаға кіргізілген», - деп  атап көрсетті.  

Мемлекетіміздің тұтастығы мен егемендігімізге зор қауіп төндіргендің ішінде діни экстремизм өкілдерінің бар екендігі олардың құрту, жою, өртеу  тәрізді әрекеттерінен анық байқалды. Жалпы Қазақстанда ислам экстремизмінің бар екендігі жасырын емес. Ресми сарапшылардың пікірінше, елде мұндай құбылыс 2010 жылдан басталған. Ақтөбе, Тараз, Алматы қалаларында орын алған лаңкестік шабуылдардың кезінде құрбан болғандар ұмытыла қоймады. «Халифат сарбаздары», «Діни қорғаушылар», «Бейбарыс батальоны» және т.б. террористік ұйымдардың Қазақстанда орын алған лаңкестік актілерге қатысы бар екендігі анықталған. Ресми сарапшылар террористік актілердің орын алуының басты себептерінің бірін тұрғындар арасында діндарлықтың өсуі деп санайды. Алайда бұл тек мәселенің бір қыры ғана. Шындығында 1990-жылдары тәуелсіздікті ұстап тұру жолында ғасырға теңдес уақытты бастан кешіріп жатқан тұста көптеген жат ағымдарды насихаттаған миссионерлер қаптап кеткен еді. Гуманитарлық көмекті желеу еткен шетелдік өкілдер дәстүрлі дініміз бен көзқарастарымызға қайшы ұстанымдарды тарата бастады. Диструктивті діни ағымдардың өкілдері ақпарат таратуға, діни сауатсыз, жұмыссыз жастар арасынан өз жақтастарын табуға ұмтылды. Түсіндіру жұмыстары өз «жемісін берд». Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтерінше, кейбір жастар шетелдерге кетті. Осылардың бәрі орын алып жатқанда билік тарапынан ешқандай шара қолданылмады ма? деген заңды сауалдың туындауы сөзсіз. Әрине, үкімет пен парламент біраз жұмыс жасады. «Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша» заңнамалық актілер дайындалып, қаралды. 2017-2020 жылдарға арналған республиканың дін саласындағы мемлекеттік саясатының жаңа тұжырымдамасы, 2018-2020 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге  қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Алайда қаңтар оқиғалары мұндай шаралардың жеткіліксіздігін айқын көрсетіп берді. Оған қоса тарихтан сабақ алмайтынымызды дәйектеді. 

Төл тарихымызға үңілсек, талай түйтілдің түйінін шешу жолдарын көре аламыз. Солардың арасында діни экстремизммен күресудің тәсілдері де бар, өйткені діни миссионерлік қазақ қоғамына кеше ғана келген жат құбылыс емес. Оның бастаулары сонау ХІХ ғасырға  сәйкес келеді. Ресей бодандығын қабылдаған қазақтарды православие дініне тартуды көздеген патша үкіметі далаға арнайы дайындалған миссионерлерді жіберіп, «бұратаналарды» орыстандырып, еліне, жеріне ие боламыз деген мысық тілеу ойларын іске асыруға ұмтылды. Алтай өңіріндегі бұратана халықтарды шоқындыру саласында тәжірибе жинақтаған билік өкілдері мен православие дінінің басшылары арнайы діни басқармалар, стандар ашты. Отаршыл билік боданына айналған қазақтарды орыстандырып, дәстүрлі дінінен алшақтату үшін халықтың болмысына терең бойлап, дінін, тілі, ділі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінен хабары барларды ел ішіне жіберді. Рухани отарлау аясындағы шоқындырумен айналысатын мамандар Қазан қаласындағы діни академияның мұсылмандарға қарсы бөлімде арнайы дайындалды. 

Миссионерлерге мемлекет және діни басқарма тарапынан мықты қолдау көрсетіліп, материалдық жағынан қамтамасыз етілді. Миссионерлер 400-450 рубль көлемінде жалақы алды. Сол кездегі өлшемдермен салыстырғанда бұл өте жоғары еңбек ақы болып саналады. Қазіргі уақыттарда да жат дінді таратушылардың қанша алатыны қауіпсіздік комитетіне ғана мәлім шығар. Біздің білетініміз, диструктивті діндерге тартуда жастарды американдық доллар беру арқылы қызықтыру орын алған. Қаңтар оқиғалары кезінде көшеге шыққан жастарға ақша таратылғаны туралы ресми мәлімет жасалған еді. 

Тоқсаныншы жылдары көзіміз көргендей, шет елдік миссионерлер ашық түрде жоғары оқу орындарына келіп, демеушілер ретінде оқытушылар мен студенттерге қомақты қаржы беру арқылы өздеріне тартқан. Осылайша уағыздарын жасырын түрде жүргізіп, діттеген жерлеріне жетуде түрлі амал-айла қолданған. ХІХ ғасырда да солай болған. Ең алдымен отарлаушы билік жергілікті жерлерде шіркеулер салды. Православие дінін қабылғандарға алдымен қомақты қаржы, кейінен жан басына шаққанда 5 рубльден ақша таратқан. Одан басқа жер тілімдерін, құрал-саймандар беріп қызықтырған. Жергілікті билеушілермен, соның ішінде губернаторлармен, казак атамандарымен бірлескен миссионерлер стандармен қатар орыс-түзем деп аталған мектептер ашты. Мектептерде балаларға орыс тілін, құдай заңдарын және арифметиканы оқытты.  

Православие миссонерлері қазақтар жылдам орыс тілін үйренсін деген жымысқы пиғылын жүзеге асыру үшін орыс шаруаларын далаға көптеп қоныстандырып, байырғы тұрғындармен көрші қылды. Шоқынғандарды казак сословиесіне қосып, станицаларға орналастырды. Бұл да әуел баста терең ойластырылған саясат еді. Ол аздай шоқынған этникалық топтардың өзін қандастарын немесе туысқандарын православие дініне енгізу үшін пайдаланған. Оларды «христиан дініне туысқандарыңды көптеп тартсаңдар сендерге де, туыстарыңа да жер үлестерін береміз, ақша береміз» деп ынталандырған. Сол үшін міндеттеме  ретінде арнайы құжат толтыртып, қолдарын қойғызған. Осылайша ұлттық салт-дәстүрінен, төл дінінен, тілінен алшақтатып, орыс тандырды. Архив қойнауларында Қытайдан қоныс аударып келген қалмақтарды шоқындыру үшін жергілікті билік пен миссионерлердің ықпалды, беделді қазақтарды пайдаланғандары туралы құжаттар сақтаулы. Православие дініне тартуға көмектескен қазақтар патша үкіметінің жергілікті билеушілері тарапынан марапатталып отырған. Тіпті сол қалмақтарды шоқындырып қана қоймай олардың аты-жөндерін орысшалап тастаған. Тарихта кейбір шоқынған қазақтар да аты-жөндерін өзгерткен. Ал қазіргі уақыттарда қазақтардың өздері жат діндерге еніп, уағыздарын айтып, солардың сойылын соғуда. Шам еліне барып, не үшін құрбан болғандарын білмеген қазақтар осындай діндердің жетегінде кеткендер екені белгілі. 

Қазақ даласының түкпір-түкпірінде православиелік бауырластық деген ұйымдар құрылды. Мұндай ұйымдар шоқынғандарды бақылап қана қоймай, оларға материалдық көмек көрсетіп, қажет жағдайларда орын алған түйкілдерін шешіп беріп отырды. Өзіміз тұрып жатқан Жетісу өлкесінде Жетісу православие бауырластығы нәтижелі жұмыс жасаған. Бауырластық атқарған жұмыстары туралы епархияға есеп беріп тұрған.

Сондықтан да жат дін өкілдерінің елімізде насихат жұмыстарын жүрзібесін, бейбіт өмірімізді ойрандамасын, тыныштығымызды бұзбасын,  ертеңгіміз жарқын болсын десек көбірек тарихқа үңілгеніміз абзал. Тарих өткеніміздің шежіресі ғана емес болашағымыздың кепілі екендігін ұмытпағанымыз жөн. 

 

 

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері Оразгүл Хасенқызы Мұхатова