Тәуелсіздік тұғыры - тіл
10.03.2021 4652

«Ана тілі - бәріміздің анамыз,
өйткені ол – ұлтымыздың анасы»
Н.Ә. Назарбаев
Президентіміз Қ.-Ж.К. Тоқаевтің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының «қоғам мен құндылық» бөлімінде негізгі үш құндылыққа баса назар аударған. Соның ішінде мені толғандырған тіл мәселесі. Расында, қазақтың біртуар азаматы М. Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс - тіршілігі мен мінезі айқын көрініп тұрады», -дегеніндей, жер бетінде қазақ ұлты болып өмір сүруіміз қазақ тілінің кереметі Егемендік алғаннан бері елімізде тіл тазалығына ерекше көңіл бөлініп, ана тіліміздің мәртебесін көтеру жолында жасалған ауқымды іс - шаралар жалғасын тауып келеді, мемлекеттік тілді дамыту кеңінен жолға қойылған.
Елімізде тілге мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарау, оның өміршеңдік қасиетке ие болуына билік тарапынан қамқорлық жасау мәселесі тұрақты арнаға бағытталды. Қазақ тілі — әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі.
Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдыретті. Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас та туған тіліңді білуден басталады. Тіл – халықтың рухани, мәдени байлығының дамуының құралы.
Адамның қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Тіл байлығы — әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тіліне көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті. Сонда біз егемендігіміздің қадірін біле аламыз, себебі ұлт бостандығы дегеніміз тіл бостандығы, әрі қарай дамып жетілуіміздің кепілі.
Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы өз заманында: “Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері,” – деп, ана тілінің құдіретін тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетіп берген болатын. Бүгінде де кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі – қазақ тілін жақсартып, биік белестерге көтермеуіміздің қатерлі дерті болып табылады.
Туған тілден безінген азаматтарды көргенде Паустовскийдің “Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік” -деп ашына айтқаны ойға оралады. Бүкіл әлемге белгілі Шекспир шығармашылық өмірінде он үш мың сөз қолданған болса, ал өзіміздің қазақ халқының жазушысы ұлы Мұхтар Әуезов бір ғана «Абай жолы» романында он алты мың сөзді керек еткен. Міне, осыдан қазақ тілінің қасиетті де қастерлі, асыл тіл екенін ұғамыз. Елінің болашағын ойлаған әр азамат ана тілінің болашағын да қолынан келген көмегін аямауы тиіс. Қазақстан — әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы керек.
Қазірде дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған ана тіліміз тәуелсіздіктің басты нышанына айналды.
Тәуелсіздіктің негізгі тірегі — ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да — тіл. Ол — қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл — ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры — баршамыздың қолымызда.
Ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады»-деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Қазақстан Республикасы қазақ тілінің ғана емес, елімізде тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілінің дамуына барынша жағдай жасап отыр. Ұлт көшбасшысының қыркүйек айының 22-ін «Қазақстан халықтарының тілдері күні» деп жариялау да сол мақсаттан туған. «Үш тұғырлы тіл» жобасы – ел болашағын баянды етуден туған, алысты көздейді.
«Үш тілдің бірлігі» мәдени жобасы – үш тілді қазақстандықтар бірдей меңгеруін меңзегенімен, негізгі мақсаты – мемлекеттік қазақ тілінің халықаралық қолданыстағы орыс, ағылшын тілдерімен терезесін теңестіріп, әлемдік деңгейге көтеріп, жаһан тілдерімен тең қолданылатын биікке жеткізу. Қорыта айтқанда, тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі.
Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егемен ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түпқазығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті. Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш-ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл - ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз.
Бүгінгідей ел болып еңсе көтерген тұста ана тіліміздің қадірі мен қасиетін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру маңызды мәселе болып тұр. Қазақ тілі – тәуелсіз жұртымыздың мемлекеттік тілі және ол барлық отандастарымыздың ортақ мақсатқа топтастыратын ұлттық бірліктің басты факторы болып табылады. Мемлекеттік тіл саласында жеткен жетістіктерімізге тоқтала келіп, енді ешкім өзгерте алмайтын Ана тіліміз - Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Олай болса, ана тілімізді мәңгілік тіл етіп, сапасын көтеру өз қолымызда. Алға қойған ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. ҚР Президенті Қ-Ж.К.Тоқаев. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат»мақаласы. // www.akorda.kz. 05.01.2021 ж.
2. «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы».
3. Б. Момышұлы. Тіл туралы «Ұлы тұлғалар» сериясы.


Мемлекет тарихы институты
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы
бөлімінің ғылыми қызметкері Кемелбекова М.В.