«Ботай» кітабы жарық көрді
01.02.2021 3367
Қазақ ғылымы тағы бір толымды зерттеу еңбегімен толықты. Белгілі зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Зайберттің «Ботай» аты кітабының екінші бөлімінің тұсаукесері болып өтті.

Ұлттық музейдің Мәжіліс залында өткен бұл шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мұрындық болып отыр.

«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Сәуле Бөрібаеваның айтуынша, бұл еңбектің қазақ ғылымы үшін қосар үлесі өте зор. «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы әлемдік ғылыми қауымдастыққа танымал, өз ісіне шексіз берілген ғалым-археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Федорович Зайберттің «Ботай» (екінші бөлім) кітабының тұсаукесері біз үшін өте маңызды шара деуге болады. Өйткені, Ботай мәдениеті Ұлы даланы әлемге танытқан ескерткіш екені сөзсіз. Тарихи қонысты 40 жыл бойы Виктор Зайберттің жетекшілігімен Солтүстік Қазақстан халықаралық археологиялық экспедициясы зерттеуде.

Б.з.д. IV мыңжылдық Еуразия даласында жылқыны доместикациялау, әлемдік тарихи процестің үдеткішіне айналған атты коммуникацияның пайда болуы, күрделі ағаш құрылыстар салу, мыс аспаптар мен заттарды пайдалану, ежелгі медицинаның, технологияның, өнер мен қолөнердің дамуы Ботай мәдениетіне тән.

Отандық және шетелдік ғалымдармен, археологтармен, палеогеографтармен, этнографтармен және басқа да жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар өкілдерімен Ботай мәдениетін кешенді зерттеу Қазақстанның тарих ғылымының бірқатар өзекті мәселелерін зерттеу үшін негіз болып табылады: этногенез, культурогенез, этномәдени өзара байланыстар, Еуразия даласында өндіруші шаруашылықтың қалыптасуы, далалық өркениетінің бастауы, энеолит, қола және темір ғасырларының тарихи үдерісіндегі шаруашылық және идеологиялық құрылымдарды қайта жаңарту мәселелерін көтереді.

Монография Ботай ескерткішіндегі 40 жылдық далалық зерттеулердің қорытындысы болып, негізгі фундаменталды тұжырымдарды көрсететін ғажайып еңбек», - деп атап өтті кесер рәсімінде.


Кітап авторы ғалым-археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор Зайберттің айтуынша, Ботай қорығы әлемде теңдесі жоқ тарихи ескерткіш. «Ботай – Еуразияның алғашқы жылқы өсірушілерінің әлемдегі теңдесі жоқ қонысы. Бұл мәдениеттің өмір сүруі б.з.д.V-IV мыңжылдыққа жатады. Онда жүргізілген зерттеудің тарихи маңыздылығы – бұл Қазақстан жер шарындағы жануарларды, ең алдымен жылқы мен сиырды қолға үйретудің негізгі орталықтарының бірі» – дейді автор өз сөзінде.

Сонымен қатар, тұсаукесер барысында келушілерге көне Бозоқ қалашығының археологиялық қазбалары негізінде ашық аспан астындағы Ұлттық паркін құру жобасы аясында Ботай қонысының тарихи қалпына келтіруі жұмыстарының жайы айтылды.


«Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми-хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Айна­гүл Ғаниеваның айтуынша, негізі Бозоқ Бозоқ ортаға­сыр­лық қалашығын қалпына келтіру ар­қылы Ботай, Сақ, Ғұн, Түркі және Қазақ хандығының бес хро­­но­логиялық тарихи кезең­дерін бейнелейтін қоныстар­дың археологиялық саябақ кеше­нін жасауға толықтай мүмкіндік бермек. «Бүгінде бұл жұмыстар өте жақсы қолға алынып жатыр. Осы іс-шараның өзі «Бозоқ көне қалашығының археологиялық қазба жұмыстары негізінде ашық аспан астындағы ұлттық парк құру» тарихи-мәдени жобасын іске асыру аясында өтіп жатыр. Жалпы «Ботай» қонысы сол дәуірдегі көшпелілердің тұтатай өмірінен сыр шертетін жан-жақты ескерткіштер жиынтығы. Виктор Федоровичтің еңбегінде бұл мәселелердің барлығы да жан-жақты қамтылған. Расын айтанда бұл өте үлкен еңбек. Мемлекеттік сыйлыққа ұялмай ұсынуға болатын еңбек. Айтпақшы, еңбектің маңызын жете түсінген кейбір ғалымдар Виктор Федоровичті Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек деген пікір білдіріп те жатыр. Әрине, бұл ұсынысты толықтай қолдаймыз. Өйткені, 40 жылғы өмірін осы Ботай мәдениетіне арнаған адам. Оған дейін ол кісі энолит дәуіріне жататын Атбасар мәдениетін ашып, әлемге паш етті. Бұл кез келген археолог-маманның қоылан келетін іс емес. Үлкен еңбекті, жан-жақты зерттеуді қажет ететін дүние. Қысқаша айтқанда Ботай мәдениетін айтқанда Зайберттің есімін атамай кету мүмкін емес», - дейді Айна­гүл Ғаниева.


ҚР МСМ департаменті директорының орынбасары Мақсат Арғынбеков құттықтау сөз сөйлеп, Виктор Федоровичтің отандық ғылымға сіңірген еңбегін жоғары бағалап, ашық аспан астындағы ұлттық паркті құру жобасы аясында «Бозоқ» музей-қорығы Ботай мәдениетінің тұрғын үйлерін тарихи реконструкциясын жасап, дала өркениетінің мыңжылдық даму тарихын бейнелейтінін атап өтті.


Кітаптың тұсаукесеріне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, белгілі ғалымдар, археологтар мен этнологтар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қоғам өкілдері қатысты.

Барлық қатысушылар «Ботай» кітабына жоғары баға берді.